Жас өркеннің таным көкжиегін кеңейтетін орта – мектеп. Мұнда бала білім алып қана қоймай, өзгенің ойын тыңдауды, салыстыруды, саралауды, өз пікірін қалыптастыруды үйренеді. Туған елінің тарихы мен мәдениетін танып, дүниеге кең көзқараспен қарауға дағдыланады. Осылайша отбасында қаланған тәрбиенің іргетасы мектеп қабырғасында біліммен бекіп, баланың саналы тұлға болып қалыптасуына жол ашады.
«Жаһандану дәуірінде қазақты сақтау үшін, ең алдымен, ауылды сақтауымыз керек» деген мемлекет басшысы өз сөзінде. Ал Панфилов ауданындағы Сұптай ауылының бір кезеңде еңсесі түсіп, ертеңіне алаңдаған шағы болған. Тұрғындардың үдере көшуі, инфрақұрылымның кенжелеп дамуы ауылдың келешегіне күмән ұялатқан. Уақыт өте келе тіршілігі саябырсып, болашағы бұлыңғыр елді мекендердің қатарына қосылу қаупі де туған.
Осындай ауылда қала мектептерінен кем түспейтін жаңа білім ордасының бой көтеруі жергілікті жұрт үшін айрықша оқиға болғаны байқалады. Кең әрі жарық сыныптар, заманауи оқу кабинеттері мен білім алуға қажетті құрал-жабдықтар балаларға жаңа мүмкіндік сыйласа, ата-аналардың ертеңге деген сенімін нығайта түскендей.
Мектеп директоры Руфат Толымбековтің айтуынша, жаңа білім ордасы биылғы оқу жылынан бастап оқушыларға есігін айқара ашты.
«Сұптай орта мектебі 2026 жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілді. Бұл – ауыл балалары үшін үлкен мүмкіндік әрі олардың болашағына салынған инвестиция. Жаңа мектепте сапалы білім алуға ғана емес, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап, жан-жақты дамуына қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Бүгінде мұнда 34 мұғалім еңбек етіп, 182 оқушы білім алады», – дейді мектеп директоры.
Мектеп оқушылары білім алу үшін көрші ауылға қатынап оқымағанымен, осыған дейін жетпіс жылдан астам уақыт бұрын балабақша ретінде салынған ғимаратта білім алуға мәжбүр болған. Бастапқыда мектепке арналып жобаланбаған нысанның бүгінгі білім беру талаптарына толық жауап бере қоймауы да түсінікті.
«Адамға мүмкіндік бергің келсе, алдымен қолайлы орта қалыптастыр» деген сөз бар. Жаңадан бой көтерген Сұптай орта мектебі осы қағиданы іс жүзінде көрсеткендей. Мектеп директоры атап өткендей физика, химия, биология кабинеттеріндегі заманауи құрал-жабдықтар оқушыларға түрлі тәжірибе жасап, сабақ үстінде алған теориялық білімін іс жүзінде сынап көруге мүмкіндік беріп келеді. Кейде баланың ғылымға деген қызығушылығын ояту үшін бір формуланы жаттатудан гөрі, сол формуланың қалай жұмыс істейтінін өз көзімен көрсету әлдеқайда маңызды.
Жаңа мектептің мүмкіндігі онымен шектелмейді. Мұнда оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға да ерекше көңіл бөлінген. Соның бір нәтижесі – мектеп қабырғасында құрылған «Домбыра-дастан» ансамбльінің жетістігі. Жуырда ғана жас өнерпаздары Қырғызстанда өткен шығармашылық додадан жүлделі оралған.
Ұстаз еңбегінің шын бағасы шәкіртінің жетістігінен көрінсе керек. Оқушыларының әр жеңісін өз жетістігіндей қабылдап, қуанышын жасыра алмаған мұғалімнің бейнесін көргенде, ұстаздық еңбектің шынайы бағасын сезінгендей болдық.
«Шәкірттеріміздің осындай жетістікке жетуі біз үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш. Олардың әр жеңісінің артында үздіксіз дайындық, ізденіс пен еңбек жатыр. Балалардың еңбегі бағаланып, өзге елде мектебіміздің абыройын асқақтатқаны бізге де ерекше жігер берді. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындырады деп сенеміз», – дейді музыка пәнінің мұғалімі Майра Үркімбайқызы.
Мұнтаздай таза асхана, балалардың бой жазып, еркін қимылдауына мүмкіндік беретін кең спортзал, кідіріссіз жұмыс істеп тұрған лифт – мұның бәрі жаңа мектептің жайлылығын аңғартады. Сары күздің өзінде жасыл реңкін жоғалтпаған ашық алаңдағы футбол алаңы мен жүгіру жолдары да алыстан көз тартады. Ал күн сайын арқалаған оқулығы мен оқу құралдары аз емес балалар үшін әрқайсысына жеке қарастырылған жабық шкафтар – қарапайым көрінгенімен, оқушының күнделікті тіршілігін жеңілдететін ұтымды шешім. Осының бәрі қосылып, Сұптайдағы білім ордасының заманауи мектепке тән келбетін қалыптастырып тұр.
Бұл жаңалыққа мектеп ұжымы ғана емес, ауыл тұрғындары да бек риза.
«Осы ауылдың байырғы тұрғыны ретінде оның кешегісі де, бүгіні де көз алдымда. Сондықтан елді мекенде болып жатқан әрбір өзгерісті байқап, бұрынғы жағдаймен еріксіз салыстырып отырамын. Бүгінде ауылымыздың жағдайы кешегімен салыстыруға келмейтіндей өзгеріп, жақсы арнаға бет бұрды. Жетпіс жылдан астам уақыт бұрын салынған ескі ғимаратта балаларымыз білім алып жүргенде, олардың білім сапасымен қатар, қауіпсіздігіне де алаңдайтын едік. Енді, міне, балаларымыздың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалған осындай жаңа мектебіміз бар», – дейді ауыл ақсақалы, жазушы Тілебалды Шынтаев.
Сұптай орта мектебі ауыл баласына сапалы білім алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, тұрғындардың туған жерінің ертеңіне деген сенімін қайта оятқандай.
Жаңа мектептің табалдырығын аттағанда біз көрген ең үлкен жаңалық сәулетті ғимарат емес, ауыл баласының алдында кеңірек ашылған мүмкіндік еді.
Айша СЕРІКҚЫЗЫ








