«Байтақ» жасылдар партиясы Жетісу өңірінде үгіт-насихат жұмыстарын күшейтті. Бұл жолы партия атынан Құрылтай депутаттығына үміткер Тамирлан Файзулин, партияның Талдықорған қалалық филиалының жетекшісі Дамир Файзулин және партияның республикалық штаб өкілі Батыржан Сейдомар Мұқыры ауылының тұрғындарымен кездесіп, саяси ұйымның алдағы жоспарымен бөлісіп, атқарар шаруаларын таразылады.
Алғаш мінберге көтерілген Құрылтай депутаттығына үміткер Тамирлан Файзулин мұқырылықтарға партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Спикердің айтуынша, ауыл болашағы, әлеуметтік мәселелер, экологиялық ахуал және өңірдің одан әрі дамуына партияның сайлауалды бағдарламасында басымдық берілген.
– «Байтақ» партиясының күн тәртібі экологиялық мәселелермен ғана шектелмейді. Қоршаған ортаның қауіпсіздігімен қатар қиын жағдайға тап болған азаматтарды қолдау, әлеуметтік түйткілді шешу және халықтың өмір сүру сапасын арттыру да маңызды бағыттардың бірі. Біз халыққа тек бағдарлама мен ұстанымымызды жеткізбейміз. Ең әуелі оларды тыңдап, толғандырған мәселесін талқылаймыз. Соның негізінде шешу жолдарын іздеуге тырысамыз, – деді Тамирлан Файзулин.
Кездесуде ауыл ақсақалдары ерекше белсенді болды. Ел келешегіне бейжай қарамайтынын жеткізген аға буын өкілдері елді мекендердегі өзекті мәселелер бойынша пікір-ескертпесін ортаға салды. Партияның экологиялық бастамаларына қолдау білдірді.
Жасылдар партиясының өкілдері мұндай кездесуді жалғастыра бермек. Осылайша халықтың ұсыныстары мен жергілікті жердегі өзекті мәселелерді партияның алдағы жұмысында ескеруге ниетті.
«Жетісу-Ақпарат»





