12 тамызда Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Пол Капурды қабылдады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Дипломатиялық кездесу барысында екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтудың өзекті мәселелері талқыланды. Сыртқы саясат ведомствосының басшысы Ермек Көшербаев америкалық тарапқа елде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы толық мәлімет берді. Сұхбаттасушы тараптар сауда-саттық, инвестиция, энергетика, аса маңызды минералдар өндірісі, озық технологиялар, цифрландыру мен көлік-логистика салаларындағы практикалық байланыстарды кеңейтуге зор мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Кездесудің маңызды бөлігі су ресурстарын басқарудың жаһандық құрылымын нығайтуға арналды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ жанынан Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы жан-жақты сөз болды. Су қауіпсіздігі – қазіргі таңда Орталық Азия үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін стратегиялық маңызы бар басты мәселенің бірі. Бұл бастама халықаралық деңгейде климаттың өзгеруімен күресуге және су қорын тиімді пайдалануға зор септігін тигізеді.
Сонымен қатар тараптар 2026 жылғы желтоқсанда Майамиде өтуі жоспарланған G20 саммитіне дайындық барысын пысықтады. Аталған алқалы жиынға Қазақстан Президенті АҚШ Президенті Дональд Трамптың арнайы шақыруымен қатысады. Осыған байланысты дипломаттар жоғары деңгейдегі өтетін кездесудің күн тәртібін мазмұнды әрі сапалы ету мақсатында бірлескен жұмысты одан әрі жалғастыруға дайын екенін растады.
G20 немесе «Жиырмалық тобы» – әлемдегі ең ірі дамыған және дамушы экономикалар көшбасшыларының жыл сайынғы жаһандық жиыны. Мұнда әлемдік қаржылық тұрақтылық, орнықты даму, халықаралық сауда мен жаһандық саясаттың ең түйткілді сауалдары шешімін табады. Қазақстанның мұндай алқалы жиынға шақырылуы – еліміздің халықаралық аренадағы беделінің артып келе жатқанының айқын дәлелі.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 22 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Давоста АҚШ Президенті Дональд Трамп ұсынған халықаралық бастама – Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қойған еді. Аталған беделді бірлестікке қатысу – мемлекеттің дербес әрі егеменді шешімі, ал оған мүше болу мерзімі 3 жылды құрайды.
Бұл дипломатиялық қадамдар Қазақстанның сыртқы саясаттағы көпвекторлы бағытын одан әрі нығайтып, Батыс серіктестерімен экономикалық және технологиялық байланысты жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. Екіжақты келіссөздер нәтижесінде ел экономикасына жаңа инвестициялар тартылып, озық технологияларды енгізу қарқыны артады.





