«От – тілсіз жау» деген. Қыс айында қырағылық танытпаса болмайды. Әсіресе, от көздерін сақтықпен қолдану керек. Қауіпсіздік жайында мәселе күн тәртібінен түспейді.
Дей тұрғанмен, Талдықорған қаласындағы 822 көпқабатты тұрғын үйдің 359-ы ғана көгілдір отынға қосылған. Қалғандары ше? Заңды сұрақ. Олар әлі де баллонға газ толтырып әлекке түседі. Ал бейресми мәліметтерге сүйенсек, көпқабатты тұрғын үйлерде тілсіз жаудың жиі бой көрсетуіне осы баллондар себепкер екен. Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбетов газ баллонын тұтынатын көпқабатты тұрғын үйлердің қатарын азайтуда жергілікті биліктің жүйелі жоспары барын алға тартты. Қазірдің өзінде, облыс орталығында 32 мыңнан астам көгілдір отын тұтынушысы бар. Оның тең жарымы жеке секторға тиесілі, қалған жартысы көпқабатты үйлердегі абоненттер.
Қалада көгілдір отын тұтынушыларының қатарын көбейту жайын таразылаған әкім орынбасары биыл «Үйтас» саяжайы мен «Жастар-2» ықшамауданы газға қосылғанын, 2025 жылға дейін Мерекелі, Қызылтас, Балықты, Алмалы, Сарыбұлақ, Ащыбұлақ және Қаратал саяжайларының тұрғындары көгілдір отын тұтынатынын атап өтті.
Қыс қытымыр мінезімен басталып, күрт жылынуы да жергілікті атқамінерлердің тақымдай түсуіне әсер еткендей. Бар мәселе – қардың әдеттегіден көп түсуі. Қала әкімінің орынбасары «Қызылтас», «Үйтас» және «Ащыбұлақ» саяжайларына алаңдаушылығы барын жасырмады. Дегенмен, осы аймақтардағы тұрғын үйлердің ауласын су басудан сақтау үшін арықтарға науалар салынған. Қала әкімінің орынбасары тұрғындарды арық желілеріне қоқыс тастамауға, қар үйіп қоймауға шақырды.
Талдықорған қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Болат Сүйербаев та әрбір тұрғынды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды. Әсіресе жаңажылдық мереке қарсаңында сақтықты күшейтуді ескертті. Айтуынша, жыл басынан бері Талдықорған қаласында 83 өрт оқиғасы тіркеліп, тілсіз жау 5 адамның өмірін жалмапты. Қазір әрбір ата-ана балалардың пиротехникалық заттарды тұтынуын жіті қадағалауы тиіс.
Қазақстанның басты байлығы – адам. Ал сол адамның амандығын сақтауда тиісті құрылымдар қарымды қарекет етуде. Ескерту шараларын күшейтіп, пиротехникалық заттар сату орындарында жиі рейд жүргізуде. Дегенмен, тұрғындар «Сақтықта қорлық жоғын» назардан шығармаса екен.
Дастанбек САДЫҚ





