Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кадр даярлау жүйесін жаңғырту және халықаралық ғылыми-білім беру орталықтарымен жұмысты күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес қолға алынып отыр. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев бастаған делегация Францияның Азаматтық авиация ұлттық мектебі ENAC басшылығымен кездесті.
Тараптар Астанада еуропалық стандарттарға сай өңірлік авиациялық оқу орталығын ашу мүмкіндігін талқылады. Мұндай орталықтың құрылуы азаматтық авиация саласында заманауи білім беру жүйесін қалыптастырып, шетелдік оқу орындарына тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Бұл жоба Қазақстанда білікті ұшқыштарды, инженерлерді, диспетчерлерді және авиация саласының басқа да мамандарын жүйелі дайындауға жол ашады.
Соңғы жылдары Қазақстан авиациясы жолаушылар ағыны артып, жаңа бағыттар ашылып, әуежай инфрақұрылымы жаңғыр бойынша тұрақты өсім көрсетуде. Әуе кемелер паркі де жыл сайын кеңейіп келеді. Осындай даму қарқынын ұстап тұру үшін елге жыл сайын кемінде 500-600 жаңа авиация маманы қажет. Алайда қазіргі жұмыс істеп тұрған оқу орталықтары Еуропалық авиация қауіпсіздігі агенттігі (EASA) талаптарына толық сай келмейді. Ал ENAC − Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO), IATA, ACI және EASA стандарттарына толық сәйкес келетін әлемдегі санаулы оқу орындарының бірі. Сондықтан Қазақстан үшін бұл ынтымақтастық стратегиялық маңызға ие.
ENAC-пен бірлескен жоба саладағы білікті мамандар тапшылығын азайтып, авиациялық қадағалаудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Франция тарапы қазақстандық делегацияға оқу орнының симуляторларын, тренажерларын, зертханаларын көрсетіп, оқу бағдарламалары туралы ақпарат берді. Тараптар ынтымақтастықты нақты техникалық және ұйымдастырушылық қадамдармен жалғастыруға уағдаласты.
1946 жылы Тулузада құрылған ENAC бүгінде 117 елмен серіктесіп, 350-ден астам бағдарлама бойынша авиация мамандарын даярлайды. Қазақстанмен серіктестік екі ел арасындағы стратегиялық байланыстарды нығайтып, авиациялық білім беру сапасын жаңа деңгейге шығарады.





