Астана қаласында «Әділетті Қазақстан: азаматтық қоғам мен мемлекет ынтымақтастығы» тақырыбында Қазақстанның XII Азаматтық форумы өтті.
Форум жұмысына ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдар мен дипломатиялық корпустың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес-қоғамдастық, отандық және халықаралық сарапшылар, барлық деңгейдегі қоғамдық кеңестердің төрағалары, мәслихат депутаттары қатысты. Сонымен қатар, алты елден келген делегаттар, елшіліктер мен халық-аралық құрылымдардың өкілдері де бар.
Жетісу облысынан барған делегация да форумның пленарлық және секциялық отырыстарына белсене қатысты. Күн тәртібінде азаматтық қоғамды дамыту, қоғамдық бақылауды кеңейту, ҮЕҰ мен жастар бастамаларын қолдау, цифрлық жобаларды ілгерілету мәселелері қаралды. Сарапшылардың айтуынша, азаматтық қоғам Президент ұсынған парламенттік реформаларды жүзеге асыруда және жалпыұлттық мәселелерді шешуде маңызды рөл атқаруы тиіс.
Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева өз сөзінде:
– Мемлекет басшысы жариялаған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы азаматтық сектор негізгі рөл атқаратын жаңа әлеуметтік келісімшартты білдіреді. Қоғамдық кеңестер, онлайн және цифрлық платформалар, омбудсмен институты – барлығы қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған. Үкіметтік емес ұйымдар бүгінде мемлекеттің дамуына нақты үлес қосып келеді. Олар жұмыс орындарын ашып, экологиялық және әлеуметтік инновацияларды енгізіп, инвестиция әкелуге атсалысуда. Сондықтан ҮЕҰ-ны қолдау – ел дамуының кепілі, – деді.
Форумның қорытынды пленарлық отырысын ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жүргізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форум қатысушыларына жолдаған үндеуінде: «Мемлекет азаматтық қоғамды дамытуға және қоғамдық институттармен серіктестікті нығайтуға ерекше мән береді», – деп атап өтті.
Жетісу облысынан барған делегациясының форумға қатысуы тәжірибе алмасуға, азаматтық қоғам мен билік арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға, жаңа идеялар мен ортақ бастамаларды бірлесе әзірлеуге мүмкіндік берді. Форум қорытындысы елімізде әділетті қоғам құру жолындағы азаматтық сектордың жауапкершілігі мен белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.
Жомарт ИГІМАН,
Қазақстанның XII Азаматтық форумының делегаты





