Қазақстанда әуе компанияларының жолаушыларға қатысты жауапкершілігі күшейтілді. Енді тек халықаралық емес, ішкі рейстерде де орын санынан артық билет сатқан әуе тасымалдаушыларына әкімшілік жаза қарастырылған. Бұл туралы Бас прокуратура ресми түрде хабарлады.
Жаңа ереже бойынша, ұшақтағы нақты орын санынан артық билет сатқан авиакомпанияларға 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Бұл мәселе әсіресе мереке және демалыс күндері өзекті болып, жолаушылардың билет сатып алғанымен, рейске мінбей қалатын жағдайлары жиі кездесетін.
Енді билеті бола тұра жолаушыны рейске отырғызбау — тек қолайсыздық емес, заң бұзушылық ретінде қарастырылып, жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Мемлекет тарапынан қабылданған бұл шаралар авиакомпаниялардың жұмысын қатаң бақылауға алып, жолаушылардың құқықтарын қорғауды көздейді. Сонымен қатар, артық билет сату салдарынан туындайтын келеңсіздіктерді болдырмауға мүмкіндік береді.
Фото: istockphoto.com





