ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халқымызға арнаған биылғы Жолдауында Жаңа Қазақстанды дамыту міндеттерін көрсетіп берді.
Саяси өзгерістердің басты бағыттарын, әлеуметтік-экономикалық дамуды өрістете түсудің пәрменді жолдарын атап көрсетті. Оның бәрі әдемі сөйлемдермен ғана шектелмеуін ескертті. Өйткені, бұл идеялар уақыт талабынан туындап отыр. Сондықтан, Жолдау мазмұнын халықтың қажетті сұрақтарына қайтарылған нақты жауаптар деп ұқса да болады.
Тәуелсіздіктің отыз жылдық шежіресіне қуансақ та, Қаңтар оқиғасы қоғамда қателіктердің орын алғанын көрсетті. Тіпті, мемлекетке қауіп төндіретін элементтер бой көтерді. Қуаныштысы, оған дер кезінде соққы берілді. Президент бұл мәселеге саяси баға берді. Ендігі жерде халық үніне құлақ түру демократиялық дамудың алғышарты екендігіне тоқталды. ҚР Парламентін күшейтуге пәрмен берді. Депутаттарды тікелей сайлауды партиялық сайлауға араластыра жүргізу мезгілінің жеткендігін атады.
Мемлекеттік құрылымның негізгі тетіктерін барынша нығайтып, оны халыққа қызмет ететін жүйеге айналдыру міндеттерін жүктеді. Соның арқасында қалың бұқарамен байланыс одан әрі артады деп ойлаймын. Жаңадан жасақталатын халық құрылтайына көпшілік белсене қатысатын болады. Сайлаудың жауапкершілігі әлемдік стандартқа сай дамитыны сөз болды. Ол сенім мен жігерді арттыра түсті. Сонымен қатар, Алматы облысының қайта бөлінетіні, Қапшағай қаласының өркендеуіне жол ашылатыны — біз күткен жайдарман жаңалықтың бірі.
Түйіндеп айтқанда, қазіргі қиындықтарға қарамастан ел ертеңіне жан-жақты талдау жасалды, баршаны алға сеніммен қарауға шақырды. Көптен күткен шешімдерге, алдағы өзгерістерге халық дән риза. Өйткені, Жолдауда айтылған реформалардың барлығы халық игілігі үшін жасалатыны анық.
Гүлбақыт ҚАСЫМЖАНОВА,
Абыхан Жексембеков атындағы орта мектептің директоры
Еңбекшіқазақ ауданы
Алматы облысы





