Мен Талдықорған жоғары медицина колледжінің «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша қолданбалы бакалаврдың 4-курс білімгерімін. Осы мамандықтың алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудегі мейіргердің рөлі жайлы мәлімет бергім келеді. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек – жеке адам, отбасы, жалпы қоғамның ұлттық денсаулық сақтау саласына барынша ықпал етуші. Аталмыш медициналық көмек – науқастың денсаулығын нығайтып, емдеп, оңалтуға бағытталған бірінші элемент.
Денсаулық сақтау министрлігі «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында JAMK және Lahti (Финляндия) қолданбалы ғылымдар университеттеріндегі әріптестерімен бірлесіп Қазақстандағы мейіргерлік білім беру жү-йесін жаңғырту жөніндегі Жол картасын әзірледі. Министрлік қолданбалы бакалавриаттың жоғары кәсіби клиникалық медицина мамандарын даярлауға арналған бағдарламаны Финляндияның қолданбалы ғылымдар университетінің сарапшыларымен бірлесіп дайындады.
Оқытудың негізгі мақсаты – оқу және тәжірибе алмасу кезінде алған білімдерін белсенді және тиімді пайдалана алатын, сыни және аналитикалық ойлау, пациенттің қауіпсіздік қағидаттарына сәйкес жұмыс істей алатын мейірбике мамандарын даярлау.
2020 жылдың сәуірінде колледждің мейірбике ісінің қолданбалы бакалавриат бағдарламасы бағалаушылар тарапынан «Білім беруге толық сәйкес» деген баға алды. Бағалау – оқу орнының бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіштері бойынша анықталды. Оқу орны жоғары медициналық колледж мәртебесіне ие болды. 2020 – 2022 оқу жылында «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша «Мейірбике ісінің қолданбалы бакалавры» біліктілігіне білімгер қабылдау жүзеге асырылды. Өзімнің зерттеу жұмысымды Талдықорған қалалық емханасының «Жастар» шағынауданында жүргіздім. «Мейірбике ісінің қолданбалы бакалавр» бағдарламасы бойынша оқыған мейірбикелердің жұмыстарына көңіл аудардым. Ең алдымен, мейірбике бұйрықтарға сәйкес медициналық құжаттаманы уақытында толтырады. Сондай-ақ, учаскелік медбикелердің журналдарына бақылау жүргізеді. Одан кейін дәрігерлік тағайындаудың толықтығы, уақытында орындалу сапасы тексеріледі. Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жүзеге асыру ережелерді толық сақтауды талап етеді.
Талдықорған қалалық емханасының медбикелері дәрігерге дейінгі және профилактикалық тексерулер жүргізеді. Өз құзыреті шеңберінде пациенттің медициналық, психологиялық мәселелерін анықтайды. «Қант диабеті», «Артериялық гипертензия», «Глаукома» мектептерін жүргізеді.
Қорыта айтқанда, бакалавр мейірбикелері тұрғындардың қажеттілігі мен сұранысына жауап беруі тиіс. Сапалы медициналық-әлеуметтік көмек көрсету арқылы халықтың денсаулығын нығайтуға атсалысады.
Аяжан ЕДІЛҚЫЗЫ
«Талдықорған жоғары медициналық колледжінің» білімгері
Фото: Freepik





