Білімді педагог бала болашағының компасы екені рас. Ұстаздардың ілімін арттыру ел үшін маңызды іс. Осы орайда балаларды ерте жастан бастап дамытудың заманауи әдістерін қолдану бойынша үздік авторлық жұмыс конкурсының 10 жеңімпазы Мәскеу қаласында тағылымдамаға қатысты.
Алматының мемлекеттік балабақшаларының 10 педагогі Мәскеу қаласында тағылымдамадан өтті. Олар бұған дейін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың бастамасымен қазан, қараша айларында ұйымдастырылған «Мектепке дейінгі білімнің заманауи білім беру технологиялары және ерте дамудың халықаралық тәжірибелері» бағдарламасы бойынша курсын тамамдаған болатын. Тағылымдама Алматы шаһарын дамыту бағдарламасының Жол картасын іске асыру шеңберінде өткізіліп отыр.
Мәскеудің мектепке дейінгі білім беру жүйесімен танысу «Про детей» бірегей технологиясын жүзеге асырып отырған «Rybakov Play School Саларьево» балабақшасынан басталды. Ұстаздар ең бірінші технологияны зерделеу топтарының жұмысымен танысып, олардың қам-қарекеттерін бажайлады. Белгілі бір уақыт ішінде көкейге қонымды ойды қойындәптерлеріне түсіріп, барынша саналарына сіңіруге тырысты. Мұғалімдер жоғарыда айтылған ұйымда жұмыс істейтін технологияның «таңертеңгілік шеңбер», «үздіксіз күнтізбе», «бала дауысы», «өзгеру» сияқты міндетті элементтерін танып, балалардың ойын кезіндегі сөйлеу мәнерін дамыту, математика, қоршаған орта, терең ойлау, креативтілік, қарым-қатынас орнату, өзін-өзі реттеу және эмоционалды интеллект бойынша білімдерін шыңдады.
Дина МҰСТАФИНА: – Осындай қарапайым ойын соншалықты мән-мазмұнға ие болады деп ойламаппын. Балалардың көңілін қалай аударуды енді түсінгендеймін.
Тағылымдама әрмен қарай «Наследник» білім беру ұйымында жалғасты. Ұстаздарды бақшаның негізін қалаушы және идеялық қолдаушысы, ғылым докторы Любовь Духанина мен оның командасы қарсы алды. Бұл оқу орнында мектепке дейінгі және мектеп жасында білім берудің сабақтастығына ерекше мән берілген екен.
Бала болашақта табысты болу үшін қажетті дағдыларды ерте жастан бастап қалыптастыру керек-ақ. «Наследник» балабақшасының педагогтері осы жолда аянбай жұмыс істеп келеді. Оған қазақстандық мектеп жасына дейінгі мекмемелерде сабақ беретін ұстаздар куә болды. Олардың осы ұйым мен жинаған тәжірибесінен көкейге түйген ойларын паш еткенді де жөн көріп отырмын. Тізбектеп жазсам көзі қарақты оқырман өзі де түсінер.
– Балабақша – әрбір ұсақ-түйек қадам ойластырылып жасалатын экожүйе. Бәрі де, барлығы да тұтас байланыста болуы тиіс.
– Жас бойынша жеке диагностикалау жүргізіліп, ол біртіндеп мектеп диагностикасына ауысады.
– Балаларға дербес болуды және өзіне -өзі қызмет етуді үйрету, бұл олардың танымдық, физикалық, ой-саналық дағдыларын ынталандырып, нығайта түседі.
– Ата-аналармен жұмыс істеу тетігі айқын және жолға қойылған, ата-аналармен және балалармен шеберлік сыныптары өткізіледі.
– Логопед дислексия мен дислалияның алдын алу үшін ешқандай ауытқушылығы жоқ балалармен топпен және жеке жұмыс істейді.
– Барлық жиһаз әр баланың ыңғайына қарай реттеледі.
– Ұлттық көне, құнды жиһаз және интерьер заттары жиналған өнер мұражайы бар. Бұл шеберханада балалар сурет салады және гипспен жұмыс жасайды.
– Педагогтермен жұмыс сенімге негізделген, бұл ретте барлық педагог мамандар міндетті ішкі аттестаттаудан өтеді. Аттестаттау – бұл дамудың жаңа бағыттарын анықтауға бағытталған кәсіби даму жүйесінің элементі.
– Мектепте және балабақшада ішкі туризм ілгерінді дамыған: балалар әртүрлі қиындықтар кездесетін саяхаттарға барады, тауға шығады, тіпті, Эльбрус шыңын бағындырады.
Дариға МҰНАЛБАЕВА: – Бақшада логопед мінез-құлқы қалыпты балалармен дислексия мен дисграфияның алдын алу үшін жұмыс істейтіні керемет екен. Маған ұнаған тұсы осы.
2000-нан астам балабақша педагогтерін оқытуға жұмсалған ресурстар, сондай-ақ, Мәскеу балабақшаларындағы тағылымдама Алматының мектепке дейінгі білім беру жүйесінің дамуына жаңа серпін береді деп үміттенеміз.
Содан кейін ұстаздар қауымы балабақшаның білім беретін бөлмелері мен серуендеу алаңдарын аралады. Оқу кезінде мұғалімдер зерделеген кеңістікті аймақтарға сауатты бөлу мен түрлендіруді көру мүмкіндігіне ие болды.
Rybakov Play School Саларьево балабақшасының бас директоры Николай Панкратов пен әдіскер Виктория Минченко мекеме жұмысының тәртібі, әдістері мен тәсілдері туралы егжей-тегжейлі көпшілікке әңгімелеп берді.
Нейроойындар бойынша шеберлік сыныбы балалардың бойында ынтаны, зеректікті, зейінмен тыңдауды және командалық ойынға қабілеттілікті қалыптастыруға болатынын көрсетті.
Тағылымдамадан өту барысында қазақстандық балабақша педагогі Айман Салимованың пікіріне құлақ түрдік. Айман САЛИМОВА: «Маған бұл балабақшаның жұмыс істеу жүйесі, тәрбиешілердің кішкентай балалармен қарым-қатынасы, сабақ барысында оқытушылардың ойын арқылы бала жүрегіне жол таба білгендері қатты ұнады. Мен Қазақстанға қайтқан соң осы ойынды жиналыста ата-аналармен және балалармен де ойнамақпын. Бұл өз кезегінде дұрыс нәтиже беретініе күмәнсіз сенемін», – деді.
Медет ЖҰМАБАЙ





