Жетісу облысының орталығында футзалдан «TFL TALDYKORGAN» және жасөспірімдер арасындағы «Bala Liga» ашық біріншілігінің қысқы маусымы бастау алды.
Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында өткен ашылу салтанатында сөз алған қала әкімі Ернат Бәзіл жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тілеп, ізгі тілегін жеткізді. Сондай-ақ ол мұндай бастамаларды қолдауға қашанда дайын екенін айтып, жас футболшыларға 500 доп тарту етті.
– Қаламызда тұрақты түрде спортпен шұғылданатын жастардың қатары жылдан жылға артып келеді. Бұл – қуантарлық жағдай. Осы жарыс соның бір дәлелі. Алғашқы біріншілікте 10-нан астам команда қатысса, бүгінгі додада 43 команда бақ сынауда. Алдағы уақытта бұл жарыстың ауқымын одан әрі кеңейтіп, аудан-қалалар деңгейінде өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді шаһар басшысы Ернат Дүйсенбекұлы.
Жауаптылардың сөзінше, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл ашық біріншіліктің биылғы маусымы бұрынғыдан да ауқымды. Мәселен, «Bala Liga» жарысына 43 команда, жалпы саны 700-ге жуық жасөспірім қатысуда. Ал ересектер арасында өтетін «TFL TALDYKORGAN» футзал сайысына 12 команда, 350-ден астам спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтамақ. Аталған ашық біріншілік 2026 жылдың ақпан айына дейін жалғаспақ.
Айдын КӘЛІМХАН





