Мамандар келтірген деректерге қарағанда, былтыр елімізде қыздардың ерте жаста жүкті болуы, бала тууы 10,2%-ға, ал жасанды түсік жасату 13,4%-ға азайған. Бұл нәтижесі бар жүйелі жұмыстың белгісі. Дегенмен, алдын алу шараларын бәсеңдетуге болмайды. Белгілі акушер-гинеколог, ұлттық комиссия мүшесі Галина Гребенникова келтірген мәліметке сай, 2024 жылы республика бойынша 1600 жасөспірім бойжеткен ана атанған, олардың ішіндегі ең кішісі небәрі 14 жаста. Расында бұл мемлекеттік деңгейде ойланатын шындық.
Семинарды ашып, жүргізіп отырған облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов ұлттық комиссиямен бірлесе отырып, облыста жасөспірімдердің жыныстық тәлім-тәрбиесін күшейтуге бағытталған жаңа пилоттық жобаны іске қосуды ұсынды. Оның айтуынша, мектеп пен ата-аналардың серіктестігі күшеймей, нәтиже күту орынсыз.
– «Бөтеннің баласы» деген ұғым болмауы тиіс. Отан – ортақ, ие болатын ұрпақ – ортақ. Демек, тәрбие – бәріміздің азаматтық борышымыз, – деген Диас Рахметұлы өскелең ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарауға болмайтынын жеткізді. Оның пікірінше, өңіріндегі динамика түсіндіру жұмысының нәтиже көрсеткенін байқатады. Мысалы, 2024 жылдың алты айында 71 ерте жүктілік орын алса, 2025 жылдың алғашқы алты айында – 45 жағдай тіркелген.
Семинар-кеңестің өңірлік үйлестірушісі, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Зүлфия Байсақова өтіп жатқан жиынның мақсатын түсіндіріп, қоғамға артылып отырған жауапкершілік жүгінің жеңіл еместігін ұғындырды.
Әдетте ерте жүктілік мәселесі көтерілгенде назардың басым бөлігі қыз балаға ауады. Бұл – дұрыс емес. Облыстық «Жетісу облысы Азаматтық альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Дәния Қыдырбаева:
– Мұндай проблемалар көбіне ана мен қыз арасындағы сенімнің әлсіреуінен туындайды. Біз осы қарым-қатынасты нығайтуды насихаттауымыз керек. Сондай-ақ жауапкершілік тек қыздарға емес, ұлдарға да ортақ. Әкелер тәрбиесін күшейту – уақыт талабы, – деп мәселенің тереңде жатқанын алға тартты.
Шын мәнінде, ерте жүктілікті болдырмау ұл мен қызға тең дәрежеде түсіндірілуі тиіс. Әке ұлына нәзік жандыларға қорған болуды үйретуі тиіс. Ұлдарды жауапкершілікке ерте жастан баулу – қыздардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Семинарда балалармен ерте жастан жыныстық даму, жеке гигиена, қауіпсіздік туралы сөйлесу керектігі де айтылды. Шынында, ана мен қыз, әке мен ұл арасындағы ашық әңгіме – некесіз босанудың алдын алады. Дәрігер кеңесі, сенім телефондары, жастар орталықтары тұрақты жұмыс істеуі тиіс. Семинарға қатысушылар мекеменің күшімен ғана нәтижеге жету қиын екенін атап өтіп, мектеп білім беріп, медицина тексеріп, медиа дұрыс ақпарат таратып, ұйымдар отбасы құндылықтарын нығайтуға жұмыс істегенде ғана мақсат нәтижелі болатынына тоқталды. Әдетте ата-ана: «Бұл тақырыпты мектеп үйретеді» деп ойлайды. Ал, әке-шеше баланың сенімді серігі екенін естен шығармау керек.
Семинар-кеңесті ұйымдастырушылар жасөспірімдердің денсаулығын қорғауға арналған шараның жалғаса беретінін айтып, ерте жүктіліктің алдын алу, жыныстық тәрбие мәдениетін орнықтыру, жасөспірімдер мен жастардың денсаулығын қорғау барысында бірлесе жұмыс істеуге уәделесті.
Гүлжан Тұрсын





