Жаңа жыл әр бала үшін ғажайыпқа толы ерекше мейрам. Сол бір сиқырлы сәттер бұл кеште айқын сезілді. Түрлі ертегі кейіпкерлерінің бейнесіне енген әртістер балаларды шаттыққа бөлеп, күлкіге қарық қылды.
Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Талдықорған қаласы әкімінің дәстүрлі жаңажылдық шыршасы өтіп, балғын жүректерге қуаныш сыйлады. Мерекелік кешке облыс орталығындағы 28 мектептен іріктелген, әлеуметтік осал топтан шыққан 8 бен 13 жас аралығындағы 500 оқушы арнайы шақырылды.
Алматы қаласынан арнайы келген Қазақ мемлекеттік цирк өнерпаздарының өнері кішкентай көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Қызықты ойындар, әсерлі қойылымдар мен цирктік нөмірлер балалардың мерекелік көңіл-күйін көтере түсті.
– Жаңа жыл мерекесі бізге өте ұнайды. Бүгінгі цирк қойылымы ерекше әсер қалдырды. Өнерпаздардың көрсеткен өнерлері өте қызық болды, – дейді №26 орта мектептің оқушысы Мәриям Болатқызы.
Ал №23 орта мектеп оқушысы Әлішер Көкебаев та мерекелік кештен алған әсерімен бөлісті. Ол:
– Балалар түрлі аң-құстың, ертегі кейіпкерлерінің киімін киіп келіпті. Ал мен сиқыршы болып келдім. Жылқы жылы баршамызға құтты болсын, – деп ізгі тілегін жеткізді.
Мерекелік шара барысында қала әкімі Ернат Бәзіл балаларды Жаңа жылмен құттықтады. Ол өз сөзінде жас ұрпақ елдің ертеңі екенін атап өтіп, балалардың бақытты балалық шағы қоғамның басты құндылығы екенін айтты.
– Президентіміз айтқандай, жаңа әрі әділ Қазақстанды құру жолында еңбек етіп келеміз. Оның болашағы осы жастар. Әр баланың балалық шағы қуаныш пен жақсы эмоцияларға толы болуы тиіс. Алматыға барып цирк көру әр баланың қолынан келе бермейді. Сондықтан өнерпаздарды арнайы алдырдық, – деді қала әкімі.
Кеш аясында аниматорлар балалармен ойын ойнап, қойылым көрсетті. Шара соңында барлық қатысушыларға жаңажылдық сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, бұл игі бастама түстен кейін тағы 500 балаға арналған екінші бөліммен жалғасын тапты.
Балалардың шат күлкісі мен жүздеріндегі қуаныш олардың балалық әлемі әлі де ғажайыпқа толы екенін аңғартты.
Медет ЖҰМАБАЙ





