Текелі қаласындағы ауызсу мәселесі «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» кебіне енгендей. Өйткені, халық әр шенеунікке осы жайды жеткізуден жалыққан. Уәде қанша берілгенмен әлі күнге дейін орындалмай келеді.
Тау етегіндегі тұрғындар тағы ауыз сусыз қалды. Пәтердегі краннан өзен суы ағып жатқанын айтып, шағымдануда.
Олардың сөзінше, үйдің кранынан қаладағы Қора өзенінің суы ағып тұр. Арнайы су тазалайтын қымбат фильтрлердің де бұл суды тазалауға шамасы жетпейді. Шенеуніктер бірнеше жылдан бері мәселені шешеміз деп уәде бергенімен, әзірге нәтиже жоқ.
Екі баланың анасы Виктория Ахметзиянова ауыз суды қойып, кір жуып, жуынуға да бұл судың жарамсыз екенін айтады.
“Ауыз су үшін біз әрең дегенде фильтр орнаттық. Оның бағасы 100 мыңға шықты. Алты ай жұмыс істеді, мұндай кір, лас суға шыдай алмай, бұзылып қалды. Жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тағы 40 мың төледік. Біздің фильтр орнатуға мүмкіндігіміз бар. Бірақ мүмкіндігі жоқтар қаншама”, – дейді Виктория Ахметзиянова.
Адамдардың айтуынша, балшық пен құм араласқан сұйықтықты қайнатудың пайдасы жоқ. Сондықтан көбі таза ауыз су үшін бұлаққа баруға мәжбүр.
Зейнеткер Жанқия Мұратлинова таза су алып келу үшін күнде үш шақырым жол жүреді.
“Бізге, зейнеткерлерге өте қиын. Мен жалғыз тұратындықтан, суға өзім барамын. Таңертең адам сияқты шай іше алмаймыз. Ең алдымен суға барамыз. Текеліде тұрып жатқаныма 17 жыл болды, осы уақытқа дейін қаладағы судың сапасы өте жақсы болатын”, – дейді Жанқия Мұратлинова.
Шенеуніктер қазір тұрғындарға су жергілікті Қора өзенінен алынады деп түсіндірді. Көктем мен жаз айларында таудағы қардың еруіне байланысты су өте лас болатын көрінеді. Ескі кәріз тазарту қондырғысы әлдеқашан істен шыққан. Қазір қалаға су тартудың басқа жолдары қарастырылып жатыр.
“Төрт ұңғыма бұрғыладық. Үш құдықтан қазір қалаға су тартып жатырмыз. Жобаның ұзындығы 15 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда жұмыстар аяқталды, 10 шақырым су құбыры тартылды. Жұмыс жүріп жатыр. Бұл бізде әрқайсысы 3000 текше метрлік екі резервуар бар деген сөз. Бұл 6 мың текше метр су. Су қоймасының құрылысы қатар жүргізілуде. Жоба құны 994 млн”, –дейді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ғалым Қызылбаев.
КТК арнасы таратқан ақпаратта қаржы тапшылығына байланысты жұмысты ертерек бастау мүмкін болмай тұр. Қазір ақша бар. Сондықтан шенеуніктер жобаны осы қазан айына дейін аяқтаймыз деп уәде берді.
Мәулен Әнербай
Фото: ашық дереккөзден





