Балық шаруашылығы табиғат пен экономиканы тоғыстырады. Сондықтан бұл сала жыл сайын жанданып келеді. Жетісу жері су ресурсына бай өлке. Іле, Қаратал, Лепсі өзендері мен Балқаш, Алакөл сияқты ірі көлдер балық өсіруге таптырмас табиғи орта саналады.
Мемлекет тарапынан да бұл салаға қолдау бар. Балық өсірушілерге субсидия, жеңілдетілген несие және тоған салуға арналған көмек қарастырылған. Сонымен бірге жем қорының шығындарының бір бөлігі өтеледі. Мұның бәрі салаға инвестиция тартуға және өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Осындай мүмкіндікті тиімді пайдалана білген ел азаматтары соңғы жылдары балық шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Сондай-ақ, табиғи су айдындарындағы кәсіпшілік жүктемені төмендету және балық ресурстарын ұлғайтуда қазір мемлекет пен балық шаруашылығын дамытудың 2021– 2030 жылдарға арналған бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Мақсат – халықтың балық өнімдерімен қамтылуын арттыру және балық шаруашылығын өркендетуге жағдай жасау, балық ресурстарын, басқа да су жануарларын сақтау мен тұрақты пайдалану. Бағдарламаны жүзеге асыруда Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бақылауындағы аумақта аймақ бойынша 28 шаруашылық құрылған. Аталған балық өсіру шаруашылықтарымен биыл 1200 тоннадан аса тауарлы балықты жасанды өсіру жоспары белгіленген.
Балық шаруашылығын дамытуға жағдай жасау үшін мемлекет тарапынан қолдау шаралары көзделген. Атап айтқанда, жем құнын 30% мөлшерінде субсидиялау және балық шаруашылықтарына арналған техника мен жабдық сатып алуға инвестициялық шығындарды 25% мөлшерінде өтеу бар. Сондай-ақ, 50%-ға дейін субсидия қарастырылған. Олар балық өсіру-биологиялық негіздемелерін әзірлеу, балыққа қатысты материалдар мен дәрі-дәрмек, бағалы балық түрлерінің аналық табындарын сатып алу мен ұстау шығындарына жұмсалады.
Қабылданып жатқан бұл шаралар аталған экономикалық секторда жұмыс істейтін шағын және орта бизнесті дамытуға оң әсерін тигізіп, өз кезегінде ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен жалпы мультипликативтік әсер қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазір облыс аумағында орналасқан су айдындарында балық ресурстары, басқа да су жануарларының өсімін молайту мақсатында көптеген жұмыс атқарылуда. Өздеріңізге мәлім, облыс аумағында жеке және заңды тұлғалармен кәсіпшілік және әуесқойлық балық шаруашылығы бойынша 4 ірі су айдыны бар. Олар Балқаш, Алакөл, Сасықкөл және Қошқаркөл көлдері.
Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Ринат Кумашевтің айтуынша, Балқаш-Алакөл бассейні су айдындарында балық қорының тұрақты санын сақтау мақсатында жыл сайын балық ресурстарын қолдан көбейту жұмыстары жүргізіледі. Биыл мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жоғарыда аталған су айдындарын 459 705 дана сазан шабақтарымен балықтандыру жоспарланған.
Сондай-ақ, осы саламен айналысатындар өздеріне жүктелген шарттық міндеттемелерді орындау мақсатында биыл 292 824 дана бағалы балық шабақтарын табиғи ортаға жіберу арқылы су айдындарын балықтандыру көзделуде. Аймақтағы су айдындарына барлығы 752 529 дана балық шабағы жіберілмек. Сонымен қатар, балық ресурстарын сақтау мен көбейтудің басты талабы – балықтардың табиғи уылдырық шашуына және олардың еркін өрістеуіне қолайлы жағдай жасау.
Осы ретте жыл сайын балықтардың көктемгі уылдырық шашу кезеңінде Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлерімен «Уылдырық шашу» және «Таза су айдындары» кең ауқымды табиғатты қорғау акциялары өткізіледі. Нәтижесінде биыл облыстың су айдындарынан 17,3 шақырымнан аса тасталған балық аулау құралдары алынып, жағалау аймақтарынан шамамен 5,9 тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдық заттары жиналған.
Бұдан бөлек, уылдырық шашу кезеңінде заңсыз балық аулауға жол бермеу үшін «Уылдырық шашу – 2025» кең ауқымды табиғатты қорғау акциясы бойынша инспекциямен құқық қорғау органдары және табиғатты қорғау мекемелерімен бірлесіп, тұрақты түрде рейдтік іс-шаралары жүргізілген. Аталған рейд барысында табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 27 фактісі анықталған.
Нәтижесінде 25 жеке тұлға уылдырық шашу кезеңінде заңсыз балық аулағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Құқық бұзушыларға 0,5 млн. теңге көлемінде айыппұл салынып, 1,3 млн. теңге көлемінде талап-арыз қойылған. Заңсыз айналымнан 100 келі шамасында заңсыз ауланған балық, 16 дана пайдалануға тыйым салынған балық аулау құралдары тәркіленген. Жыл басынан бері браконьерлікке қарсы күрес барысында табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 227 фактісі анықталған.
Сондай-ақ, пайдалануға тыйым салынған аулау құралдарын пайдалана отырып, заңсыз балық ауланып, балық ресурстарына, басқа да су жануарларына орны толмас залал келтіргендері үшін инспекция іс-материалдар негізінде құқық қорғау органдарымен 12 жеке тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, бүгінде сот шешімімен 10 жеке тұлға ҚР ҚК-нің 335-бабымен бас бостандығынан және балық аулау қызметімен айналысу құқығынан шектеу жазасы тағайындала отырып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Қорыта айтқанда, балық шаруашылығы табиғатты қорғап, ауылдық жерлердің экономикасын көтеретін сала. Сондықтан Жетісу облысында бұл бағыттың дамуы аймақтың болашағына тың серпін беретіні анық.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





