Оқу деген бір ғана қасиетті сөздің айналасына кітаппен бірге мерзімді басылымдар да топтасқаны ақиқат. «Бүгінгі ұстаздардың біразы емес, көбі газет-жорнал оқымайды» – дейміз. Шындық шығар… Бірақ бұл қасаң қағиданы Талдықорған қаласындағы №17 орта мектептің мұғалімдері жоққа шығарып, өңірлік басылымға ұжым болып жазылды. Бұл ретте аталған білім ордасының директоры Рахила Ақшолақоваға жолықтық. Мектеп басшысы тарихы терең қара шаңырақ жайлы кеңінен ой бөлісті.
Талдықорған қаласындағы №17 орта мектептің іргетасы 1988 жылдың 1 қыркүйегінде қаланып, сол уақыттан бері өңірдегі білім беру саласының дамуына үлкен үлес қосып келеді. Сыйымдылығы 1176 оқушыға арналған, екі тілде білім беретін эксперименталды мектеп ретінде ашылған бұл оқу ордасы алғашқы күннен-ақ педагогикалық ізденістер мен жаңашыл әдістерді енгізуге бастамашы болды. Мектептің алғашқы директоры болып Нұрлан Әбішев тағайындалып, кейінгі жылдары Сәуле Қабимолдаева, Дүйсен Әбділдинов, Сембай Тыныстанов, Шәпия Бектұрғанова және Раушан Керейбаева секілді білікті басшылар білім ордасының өркендеу жолында қажырлы еңбек етті. Бүгінде мектеп екі ауысымда, екі тілде сапалы білім беруді жалғастырып отыр.
Қазіргі таңда мұнда 933 оқушы білім алуда. 47 сыныптың 26-сы қазақ тілінде, 21-і орыс тілінде оқиды. Сонымен бірге 4 мектепалды даярлық тобы жұмыс істейді. Оқушыларға сапалы білім мен тәлім-тәрбие беру ісіне 114 қызметкер атсалысады, оның 86-сы мұғалімдер.
Ұжым құрамының тұрақтылығы мектептің басты жетістіктерінің бірі. Педагогтердің 30 пайызы тәжірибесі мол аға буын өкілдері. Ал біліктілік санаттары бойынша педагог-зерттеуші және педагог-сарапшы деңгейіндегі мұғалімдердің үлесі 51 пайызды құрайды. Жалпы санаты бар ұстаздардың жиынтық көрсеткіші 82 пайызға жетті.
Мектептің даму бағыты заманауи жобалар арқылы одан әрі айқындалып отыр. Білім ордасы республикалық «Тілге бойлау» жобасына, «e-zhetysu.kz» платформасына қосылған. 2025 жылдан бастап «SmartOQU» жүйесі арқылы ыстық тамақты автоматтандыру бағдарламасы да енгізілмек. Бұл – оқу орнының цифрлық жаңғыруға қадам басқанын көрсетеді.
Мұндағы мұғалімдер мен оқушылар шығармашылық пен ізденістерін ешқашан тоқтатқан емес. Республикалық, облыстық, қалалық деңгейдегі түрлі сайыстарда үздік нәтиже көрсетіп жүрген шәкірттер мен жетекшілер жетерлік. Республикалық пән олимпиадасында жүлдегер атанған М. Горохова (жетекшісі Р. Найзабекова), ғылыми-зерттеу жобалары конкурсының ІІІ орын иегері Жанетта Амантай (жетекшісі Г. Суанбаева), республикалық денешынықтыру пәні олимпиадасының ІІ орын жүлдегері Аруна Бахытова (жетекшісі Е. Түлепбергенов) – соның айқын дәлелі. Сонымен қатар Бейсен Құранбек шығармашылық оқуының облыстық кезеңінде ІІ орын алған Р. Төлегенов (жетекшісі А. Әбілмәжинова), ғылыми жоба конкурсының облыстық кезеңінде үздік деп танылған Ұлпан Әкімжан (жетекшісі А. Жарданбек) секілді оқушылар да мектеп мәртебесін көтеріп келеді.
Ұжымдағы ұстаздардың басым бөлігі кәсіби шеберлігін тұрақты жетілдіріп, авторлық бағдарламалар жасап, әдістемелік жинақтарға еңбектерін ұсынып отыруы оқу орнының дамуын қамтамасыз ететін маңызды көрсеткіштердің бірі.
№17 мектеп білім беру сапасы мен жаңашылдықты қатар ұстанып, Талдықорғанның әлеуметтік-мәдени өмірінде өзіндік орны бар қуатты білім ордасына айналған. Бүгінгі табысы ұжым еңбегінің нәтижесі, ал болашағы білімге құштар ұрпақтың қолында.
Медет ЖҰМАБАЙ





