Талдықорғанда №20 Дамир Таранов атындағы өрт сөндіру бөлімі ашылды. Салтанатты шараға ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысып, нысанның лентасын қиды. Алғысөзде аймақ басшысы салада атқарылған жұмыстарды баяндады.
Өңірде төтенше жағдайлар саласының инфрақұрылымы мен материалдық базасын нығайту бағытында елеулі жұмыстар атқарылуда. Былтыр 1 өрт сөндіру бөліміне күрделі жөндеу жасалса, биыл 1 жаңа өрт сөндіру депосы салынып, пайдалануға берілді. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жергілікті бюджет есебінен ауылдық жерлерде 18 өрт сөндіру бекеті салынуда. Оның бүгінгі күнге 10-ы пайдалануға берілді. Қабылданған жүйелі шаралардың арқасында төтенше жағдайлар департаментінің техникамен жабдықталуы 84%-ға жетті, – деді Бейбіт Исабаев.
Осы орайда облыс әкімі нысанның құрылысына елеулі еңбек сіңірген бірқатар азаматты марапаттады. Құрмет биігінде азаматтық қорғау саласының өкілдері бар. Мұнан соң сөз тізгіндеген ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов биыл көктемде ел жадында сақтар ерлік көрсетіп, өзгенің өмірі үшін арпалысып, өз өмірін құрбан еткен Дамир Тарановқа құрмет көрсетті.
Дамир Таранов қызметтік борышын атқару кезінде адам өмірін құтқару жолында батылдығы мен адалдығын көрсетті. Оның ерлігі құтқарушылар үшін әрдайым үлгі. Осындай жандардың есімі азаматтық қорғау саласының тарихында мәңгі сақталады. Бүгін ашылған жаңа бөлім – 30 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Жаңа азаматтық қорғау бөлімі Дамир Таранов сияқты ержүрек азаматтардың батырлық жолын жалғастырып, Талдықорған қаласы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, – деді министр.
Шыңғыс Әрінов нысанның құрылысына атсалысқан және салада еңбегімен ерекшеленген бірқатар азаматты ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдық мерекелік медалімен марапаттады. Алғыс арқалағандар қатарында мердігер «Нұр Шапағат-Құрылыс» серіктестігінің директоры Қайрат Кереев, құрылыс учаскесінің басшысы Евгений Тен мен азаматтық қорғау саласының бірнеше қызметкері бар.
ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімі Бейбіт Исабаев Панфилов ауданында ерлік көрсетіп, қаза тапқан Дамир Тарановтың анасы мен бауырына, жары мен балаларына құрмет көрсетіп, сый жасады.
Ол жауапкершілігі жоғары, өз жұмысына адал азамат еді. Он жыл бойы өрт сөндіру бөлімін басқарып, өз міндетін абыроймен атқарды. Мұз үстінде қалған адамды құтқару үшін еш ойланбастан көмекке ұмтылды. Арты қайғылы жағдайға ұласты. Жаңа азаматтық қорғау бөліміне Дамирдің есімі берілуі – отбасы үшін үлкен құрмет. Бауырымның ерлігі ешқашан ұмытылмайды, – деді Зайыр Таранов
Артынша жаңа бөлімнің техникалық жабдықталуын саралап, нысан ішін аралады. Оң баға да берілді. Бастысы, ерлігі елінің жадында сақталған Дамир Таранов атындағы өрт сөндіру бөлімі қауіпсіздік қалқанына айналды.
Дастанбек САДЫҚ





