Ақын-жазушылардың «…деген екен!» деген әңгімесі тапқырлық пен өткірліктің, жеңіл мысқылдың үлгісі ретінде әр жерде айтылып қалады. Бұл орайда ақын, жырау, қазақтан шыққан манасшы Баянғали Әлімжановтың есімі де жиі аталады. Бүгін біз жыраудың сондай бір тапқырлықтарын топтап беріп отырмыз.
Ғабиден мен Нәбиден
Бiр күнi Шерхан Мұртаза, Нәбиден Әбутәлиев екеуi келе жатып Баянғалимен кездеседi. Сонда Баянғали iнiсiн «Палуан» деп еркелететiн Шерхан:
– Әй, палуан, осы сен жұрттың бәрiн сабап жүрсiң ғой, мына Нәбидендi сабап бершi, – дейдi. Оның сөзiне наразылық бiлдiрген Нәбиден: «Неге менi сабайды, ол менiң iнiм, мен оның атасы Сегiзсерiнi жазғам», – деп өзiне тартады.
Баянғали екi ағасының алдында тұрып: «Қалай сабаймын, Шераға?» – дейдi. Сонда Шерхан:
– Мынаны сабау керек. Бұл «СҚ»-да местком болған. Сонда: «СҚ»-да не көп, салық көп», – деп отыратын. Бiр жолы картоп әкелiп беремiн деп елдiң ақшасын, қабын жинап алып, соңынан бәрi жайымен қалған. Сосын қабырға газетiне өлең шығарғанбыз: «Жылу жинап әр үйден, кетiп едiң Нәбиден. Картоп та жоқ, қап та жоқ, атаңа нәлет Нәбиден!», – деп! Мұны сол үшiн сабау керек!
Содан «Нәбиден құрдасымды саба» деп тағы бiр кездескенде айтады. Үшiншi жолы топтың көзiнше Шерхан Мұртаза Баянғалиға әзiлдеп:
– Әй, палуан, сен менiң бiр тапсырмамды орындамадың ғой. Анау Нәбидендi бiр сабап бер дедiм, сабамай жүрсiң. Бiр бабыңда жүргенде қолыңа түсiп қалса сүйкеп жiберсейшi, – деп тағы айтады. Сонда Баянғали:
– Шераға, үш айттыңыз ғой, егер официальный жағын мойныңызға алсаңыз, мен сiзге Нәбиден түгiлi Ғабидендi сабап берейiн! – деген екен.
Екі коньяк қойса қайтем?..
Бiр жолы Баянғалиға сатирик ақын Көпен Әмiрбековтың немере туысы әрi құрдасы, фототiлшi Берсiнбек Сәрсенов: «Көпендi сабап берсең, бiр коньяк қоямын», – дептi.
Баянғали: «Көпен екi коньяк қойса қайтем?» – деген екен.
Жұлдыз бен арт…
Жазушылар одағы үйiнiң астыңғы қабатындағы «Қаламгер» дәмханасында әдебиет сыншысы, марқұм Төлеген Тоқбергенов Баянғалимен кездесiп қалады. Ол кезде Баянғалидың «Жұлдыз» журналына жұмысқа жаңа тұрған уақыты екен.
Сонда Төлеген қарлығып шығатын дауысымен Баянғалиға: «Әй, «Жұлдызға» келдiң… «Жұлдызға» келдiң… Ендi артыңды қысып жүр!», – дептi иығынан жұдырығымен қойғылап тұрып.
Баянғали ағасына қарап: «Ойбай, Төке-ау, жерде қыспаған артты жұлдызға шыққасын қысқан ұят емес пе?» – деген екен.
Рау мен жырау
Ақмола облысына Альберт Рау әкім болып келіпті. Бір күні әкіммен кездесіп, танысқанда Баянғали: «Вы – Рау, я – жырау! Меня зовут Баянғали Әлімжанов, поэт, писатель, драматург, акын-импровизатор, жырау-сказитель, единственный казах-манасчи, режиссер, сценарист и актер кино, Заслуженный деятель Казахстана, лауреат Международной премии Кыргызстана, боксер, борец и на дуде игрец! Будешь меня уважать – то ты молодец, если не будешь уважать – то тебе …конец!», – деген екен.
Шарап пен шұжық
Бiр топ жас ақын-жазушылар Оспанхан Әубәкiровтың үйiне барыпты. Ол бiр Осекеңнiң арақты қойып жүрген кезi екен.
Жастарды жаны қалмай қарсы алып, колбаса турап жатқан Осекеңе Баянғали: «Осаға, винзаводты қойып, колбасный цехқа ауысқансыз ба?», – деген екен.
Үш қатын мен күшті ақын
Ақын Әбубәкір Қайранов телефон арқылы сөйлескенде: «Гүлзия Семейге тойға кетті. Қасында Ғанимат құдағи, тағы бір әйел бар», – депті.
Сонда Баянғали: «Тойға кетті үш қатын, үйде қалды күшті ақын. Енді қандай амал бар, отырып ал да қыс тақым!», – деген екен.
Қылмыстық топ…
Ақын Әбубәкір Қайрановтың Алматыдағы «Мамыр» ықшамауданындағы үйінде ақындар жиі бас қосып, поэзия кештерін өткізіп тұрады. Бір жолы Семейден ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов келіпті. Оларға сәлем бере келген жас ақындар қандай, емін-еркін бір жұма дүрілдетсе керек.
Бір күні Баянғали звондаса, телефонды Әбубәкірдің сабырлы, парасатты зайыбы Гүлзия алып, болған жайды айтады. Сонда Баянғали «Қосылса Әбубәкір, Тыныштықбек, кетеді қаңтарда да күн ыстық боп. «Мамырды» азан-қазан қылады екен, секілді басын қосқан қылмыстық топ!», – деген екен.
Аяғыңды тоса қоймадың ба?
Баянғалидың әкесi Тақан ақсақал – Ұлы Отан соғысының екiншi топтағы мүгедегi, соғыстың басынан аяғына дейiн қатысып, Берлинге дейiн барып қайтқан. Екi рет ауыр, бір рет жеңіл жараланған. Бір жолы танк снарядының жарықшағы шекеден тиіп, әрең аман қалған екен.
1996 жылдың жазында соғыс мүгедектерiне жеңiл автомобиль берiлетiнiн естiп, ауырып жатқан ақсақал Баянғалиға: «Менi комиссияға апар», – дептi.
Дәрiгерлер дұрыстап қарап: «Әкеңiздiң сырқаты бiр емес, бес кiсiге жетерлiк екен, он машиналық еңбегi бар екен! Мұндай ардагерлер қазiр өте аз қалды ғой, бәрiне де машина берсе артық емес», – деп жылы сөзбен шығарып салыпты.
Сөйтсе, заң бойынша, аяғынан ауыр жараланған кiсiге машина берiледi екен де, Тахаңның жарақаттары ол заңға жатпайды екен. Ақсақалды үйiне әкеле жатып Баянғали: «Ал, ендi мазаны алмай тыныш жат үйде. Осының бәрін әуелде ойламаған өзіңнен көр! Оққа басыңды тосқанша аяғыңды тоса қоймадың ба!?» – деген екен.
Дайындаған Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
журналистика ардагері
Фото: ru.osvita.ua





