Бүгінгі күн тыныш, көңіл жайлы, алаңсыз өмір сүріп жатырмыз. Ал кеше ше? Күні кеше ғана жер сілкініп, елді дүрбелеңге салып, үрей мен күдік тудырып, әбігерге түсіп едік. Жердің толқуының әңгімесі де біраз күнге созылып, бірі тағы қайталанады десе, екіншісі енді сілкінбейді деп кесіп айтып жатты. Қалай десек те кешегі күннің шәкірті дейді. Алдағыны Алла біледі және өткен қорқынышты қайталай берудің де керегі шамалы шығар. Әйтсе де мен бұл жолғы мақаламда сол дүрбелеңді кездегі келеңсіздік жайлы жазғым келіп отыр.
Үйден қашып шыққанмен қауіп сейілмейді
Дәл сол күні түнгі сағат 12.09 да жер тербеліп елді біраз әбігере салып алды. Сасқан жұрт не істерін білмей, сабырсыздық танытқаны бәрімізге аян. Бірі жалаңаш далаға қашса, енді бірі үйде қалды. Сабырлық танытқандар қауіпсіз жерді паналап, сақтық шарасына көшті. Мұны неге айтып отырмын. Бұл сауаттылықтың аздығы деп ойлаймын. Қауіпті жағдай туғанда қандай шара қолданатынымызды білмейтінімізде. Әрине, Жапон секілді жиі жер сілкініп жатқан жоқ. Десе де бізде ақпараттық-насихат жұмысының жоқтығын байқатады. Мұнда, төтенше жағдайлар қызметі сақтық шарасымен қатар апатты жағдайда адамдар не істеу керектігін жиі ақпараттандырып отыруы тиіс. Міне, бізде осы жұмыс кенжелеп қалып отыр. Халықтың дүрбелеңге түскені соның салдары. Одан кейін біздің бейқамдығымыз. Әсілінде екі күннің бірінде қалта телефонымызға 114 қызметінен хабарлама түсіп жатады. Оны назарға алып жатқан ешкім жоқ. Тіпті ашып та қарамайтынымыз бар. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жол жабық десе де алыс жолға шығып кетеміз. Содан барып, түрлі қиындықтарға тірелеміз. Иә, өткен жолы жер сілкінген күннің ертесіне дабыл белгісі неге берілмеді, бұл жайлы алдын ала хабарлама түспеді деген әңгімелер айтылып жатты. Егер дабыл сигналы беріле қалған жағдайда сіз не істейсіз? Қандай шара қолданасыз?, – деген сауал туады. Осы тұста қаланы тастап сыртқа қашасыз ба?! Онысыз да Алматының көшесінде кептеліс, одан ары тығырыққа тіреліп үлкен хаусқа айналатын еді ғой. Осы жағын да назарға алғанымыз жөн шығар. Далаға қашсаңыз да қауіп сейілмейді. Біз ең бірінші іштегі қорқынышты жеңіуіміз керек. Сабырсыздыққа бой алдырмай, бірден сақтану шарасына көшуіміз керек. Яғни қауіпсіз жерді таңдап, алгоритмдермен жұмыс істеуді үйренуіміз керек. Бұл бізді тәубеге келтірді дегенімізбен алдағы қауіптен сақтанудың жолына көш дегенді білдіреді.
Қораң өртенсе, басымды ұйтып алайын
«Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы», – дейді. Дәл сол күнгі таксистердің қылығын ешбір ақылға сыйғыза алмаймыз. Мына тұрған Алматы мен Ұзынағаштың арасына 40 000 теңге деп бағаны көтергендері қай сасқандары?! Онысыз да жан сауғалаған халықты одан ары ашындырғаны қылмыспен тең десе де артық болмас. Бір күнгі тапқан пайдасы неше күнге азық болады?! Ол да өз қазағы емес пе? Әттең, бізден пейіл мен ынсап көшіп кеткен екен. Баяғы қазақтың мейірімі мен қайрымы қайда?! Көршің жерде отырса тоқымының жартысын ұсынатын текті елдің ұрпағы едік, сол күнгі қылығына қарап тексіздіктің жетегіне түскен адамның кейпін көрдік. Бұл да біздің ардан безгендіктің көрінісі, тәрбиенің осалдығы. Қайықтағының жаны бір емсе пе?! Сонша ашкөздікке салынатындай не күн туды басына. Айтарға сөз таппағаннан емес, осындай ессіздерге сөз шығындауды ар көріп отырмын. Қылықтарын өздерінің арына тапсырдым.
Сәуегейлермен емес, ғалымдармен санасайық
«Аңқау елге арамза молда» демекші, жер сілікінісінен кейін бал ашқыштар көбейіп кетті. Пәлен күні осындай, түлен күні осындай болады деп, елдің үрейін алды. Тіпті ғұмыр бойы жер сілкінісін зерттеп келе жатқан ғалымдардан артық қанша балл болатынына дейін нақтылап, күнін де тап басып айтып жатыр. Оған сенген халық, үйін тастап, жер үй жағалап кеткендері де бар. Осыны пайдаланған саудагерлер жер үйдің бағасын аспандатып, сол сәтте пайда табудың жолын қарастырды. Шындығына келгенде жердің қашан, қай уақытта сілкінетінін ешкім тап басып айта алмайды. Арнайы мамандарда да ондай мүмкіндіктердің жоқ екенін жеткізеді. Әлгі, «құлайтынымды білсем, көрпе төсеп қоятын едім» дегендей, нақты сілкінетінін білсе төтенше жағдай қызметкерлері де қарап жатпайтыны анық емес пе. Бізде ең бастысы – мамандардың, яғни ғылым мен ғалымның жұмысын жүйелендіру керек.
Мәселен, 1976 жылы құрылған сейсмологиялық институттың жабылғандығы. Бақандай ғалымдар қызмет атқаратын ғылыми ошақ Төтенше жағдайлар министрлігінің бір ғана орталығына айналып қалғандығы алаңдатады. Соңғы 30 жылдың көлемінде біздегі ғылымға деген көзқарастың төмендігі әр саланы тұралатып бітті. Соның салдарынан шлкіліктер бетке шығып, осындай келеңсіздіктерге тап болып жатырмыз. «Жас Алаш» газетінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының сейсмология инститтутының негізін қалаушы, профессор Әлқуат Нұрмағамбетовтың сұхбатын оқи отырып, біраз жайтқа қанық болдық.
Профессор Төтенше жағдайлар министрлігінің орталығына айналған сейсмологиялық орталықта арнайы ғалымдардың және мамандардың жоқтығына қынжылады. Сондай-ақ, аталған орталықты шұғыл түрде қайта құрылған ғылым академиасының құрамына қайтарып, арнайы мамандарды даярлау керегін айтады. Ғалымның айтуынша, жер бір рет сілкінді осымен аяқталды деген сөз емес. Сонымен қатар мына бір жайтқа назар аударсақ, Әлқуат Нұрмағамбетов Алматыда жер сілкінісі қайталанады. Ол – табиғи заңдылық. Жер бір сілкініп, энергия босағанымен оның орнына қайта энергия жиналады. Себебі, жердің астында табиғи проестер үздіксіз жүріп тұрады. Бірақ қашан қайталанады, мерзімі қашан, қанша балл болады оны тап басып ешкім айта алмайды. Сонымен қатар, маман жүргізіліп жатқан құрылысқа қатты алаңдаулы. Ғылыми негіздемеге келе Алматының әр белдеулерінде әртүрлі құрылыс жүргізілуі керек-ті. Ол кісінің айтуынша, қала үш топыраққа (грунт) бөлінеді. Өте нашар, нашар жақсы болып. Мәселен, жер сілкінген кезде нашар мен жақсының арасындағы сілкініс күші 1,5 балға дейін өзгереді екен. Осы тұрғыда ғимараттардың салынысына алаңдап, Алматыда 9 қабаттан артық үй салуға болмайтынын айтып отыр. Бұрын құрылыс жүргізетін кезде арнайы сейсмологиялық институттың шешімімен барып үй салынатын. Қазір осы талап сақтала ма, сақталса толық орындалып жатыр ма, ол бір құдайға аян. Бүгінгі таңда құрылыс салуға жоғары басшылықтар шешім шығарып берсе болды, көпқабатты зәулім үйлер тұрғызыла береді. Шындығын айту керек, қазіргі үйлер зілзаласыз-ақ, мердігер компания өткізіп бергенен кейін көп ұзамай шикілігі шығып шулап жатамыз. Апаттың бетін ары қылсын, өткенде болған сілкініс көп жайттың бетін ашып кеткендей.
Мемлекет басшысының Алматыда өткізген жиынында да осы мәселелер мен Төтенше жағдайлар министрлігі жұмысының шалалығын айқындап, негізгі тапсырмаларды жүктеді. Бірсөзбен айтқанда ғылымды қайта жаңғыртпай, олқылықтың алдан шыға беретіні анық.
Ришад Тұрғанбай
Коллаж: Orda.kz





