«Көпұлтты қоғамдағы қақтығыстарды реттеуде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі» тақырыбында өткен басқосу ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамдағы бейбітшілікті сақтаудағы БАҚ-тың үлесін арттыруды көздейді. Сондай-ақ, этносаралық татулықты нығайтудағы медианың ықпалын талқылауға бағытталған.
Жиынды клуб төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының иегері, журналистер академиясының академигі, «Көзқарас» ақпараттық-талдау порталының бас редакторы, Атсалим Идигов жүргізді. Қатысушылар алдында сөз алған академик әлемде шиленістер өршіп тұрған бүгінгі таңда БАҚ өкілдерінің береке-бірлікті бекемдеп, ұлт құндылықтарын дәріптеуде, көпұлтты қоғамдағы қақтығыстарды реттеуде орны ерекше екеніне айрықша тоқталды.
– Бүгінде жер жәннаты Жетісу өңірінде 100-ден астам ұлт пен ұлыс ірге тепкен. Аллаға шүкір, қазір олар бейбіт ғұмыр кешуде. Бірлік – қашан да тұрақтылық пен тыныштық кепілі. Бұл кездесу негізгі мақсаты – этносаралық қатынастарда туындауы мүмкін шиеленістердің алдын алып, оны болдырмау. Бұған қоса, медианың конфликт жағдайларына әсер ету мүмкіндіктері туралы жан-жақты пікір алмасуға бағытталған. Бастысы – БАҚ өкілдерінің аймақтағы қоғам орнықтылығын сақтап, халықтың ынтымақты өмір сүруіне ықпал ету,– деді Атсалим Саламұлы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Журналист – мәртебелі мамандық. Ол – ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Сондықтан біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз. Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай. Біздің мақсат-мұратымыз ортақ,– деп анық атап көрсеткен болатын.
Осыған сай Жетісу облысында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этносаралық қатынастар бойынша арнайы жетекші журналистер клубы 2009 жылдан бері жұмыс жасауда. Ақпарат саласының үздік ардагері, Атсалим Идиговтың бастамасымен құрылған бұл клубқа биыл 15 жыл толып отыр. Аталған клуб бірлікті ту етіп, өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті мен дәстүрін құрметтеу, тыныштықты, мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асуын кеңінен насихаттап, оны дамытуға бағытталған. Осы уақытқа дейін оған мүше қаламгерлер өңірдегі ұлтаралық татулықты жария етуде, қоғамдық келісімді сақтап, тұрақтылықты нығайту бағытында жемісті жұмыс жасап келеді. Атап айтқанда, әр ұлттан құрам тапқан кулб мүшелері салт-дәстүрді жаңғыртып, ұлт құндылықтарын ұлықтау арқылы өңір мәдениетін өркендету жолында атқарылған әрбір істі кеңінен ақпараттандырып, қоғамның дамуына өз үлесін қосуда. Қазір бұл кулб аймақтағы БАҚ-тың күш-жігерін біріктіруде тұрақты жұмыс істейтін, консультативтік-сараптамалық бірден бір алаңға айналған.
Айдын КӘЛІМХАН