Бірнеше жұмыс орнында қызмет атқарып, ай сайынғы жиынтық табысы 3 миллион теңгеден немесе жылдық еңбекақысы 36 миллион теңгеден асатын қазақстандықтар жеке табыс салығын прогрессивті шкала бойынша төлейді. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді.
Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржановтың айтуынша, жылдық табысы 36 миллион теңгеден асатын азаматтар осы шектен жоғары сомадан 15% мөлшерінде жеке табыс салығын төлеуге міндетті.
– Қазіргі таңда жеке табыс салығы 10% мөлшерінде бірыңғай ставкамен ұсталады. Алайда 2026 жылдан бастап прогрессивті шкала енгізіледі. Жылдық табыс 36 миллион теңгеге жеткен жағдайда, азамат 15% ставкасына өтеді. Егер адамның бірнеше табыс көзі болса, салықтық міндеттемені өзі бақылауы қажет. Табысы белгіленген шектен асқан жағдайда, салық декларациясын тапсыруы тиіс. 36 миллион теңгеге дейінгі табысқа 10% ұсталады, ал бұл сомадан асқан бөлігіне қосымша 5% салық салынады, – деді Жәнібек Нұржанов.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес, 2026 жылдан бастап жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы төмендегідей болады:
-
10% – табысы 8 500 АЕК-ке дейінгі сомаға
(2026 жылға 1 АЕК – 4 325 теңге, 8 500 АЕК – 36 762 500 теңге); -
15% – 8 500 АЕК-тен асатын табысқа.
Комитет өкілінің мәлімдеуінше, бұл өзгерістер ай сайын 3 миллион теңгеден жоғары табыс табатын азаматтарға қатысты. Жалақысы жоғарылаған сайын, қолданылатын салық ставкасы да өседі.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы сәуір айында Мәжіліс кулуарында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин 2026 жылдан бастап Қазақстанда жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізілетінін хабарлаған болатын. Сол кезде ел бойынша ай сайын 3 миллион теңгеден астам жалақы алатын 26,7 мыңнан астам жалдамалы қызметкер тіркелгені белгілі болды. Алайда бұл есепте тек бір жұмыс орнындағы табыс ескерілген.





