Жетісу облысында бочча спортшыларына арналған жаңа жылдық құттықтау рәсімі өтті.
Шараның басты мақсаты – жыл бойы жоғары нәтиже көрсеткен жасөспірімдерді марапаттау, олардың еңбегін бағалау және спорттың дамуына үлес қосып жүрген ата-аналар мен жаттықтырушыларға алғыс білдіру.
Айта кету керек, 2021 жылы Талдықорған қаласында бочча спорты алғаш енгізілген кезде небәрі 12 бала тіркелген. Бүгінде Жетісу облысы бойынша спортшылардың 43-ке жетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жетісулық параспортшылар айтарлықтай жетістікке жетіп отыр. Атап айтқанда Қуаныш Асқарбеков республикалық жарыстарда бірнеше мәрте жүлдегер атанды. Азия ойындарында күміс жүлдені иеленіп, Қазақстанның абыройын асқақтатты. Жасөспірімдер құрамасының мүшелері – Аманай Батханов пен Мадияр Мұратхан республикалық деңгейде шеберліктерін дәлелдеп, 1-орынды жеңіп алды. Ал кіші жас тобының спортшылары – Акерке Есжанқызы, Кирилл Камалов, Зариф Мустафин және Мадияр Аман республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды.
Салтанатты жиында спортшыларды құттықтау үшін «Жетісу облысының Бочча федерациясы» қоғамдық бірлестігінің Президенті Гүлнар Тойлыбаева сөз сөйледі:
Келіп жеткен жаңа жылдарыңыз құтты болсын! Спортшы балаларымыздың ата-аналарына үлкен алғысымды білдіремін. Және жеңімпаздардың жаттықтырушыларына рахметімді айтамын. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында балалардың спортқа деген шабыты күннен күнге артып келеді, – деді.
Шара соңында спортшылардың ата-аналары марапатталып, қатысушыларға жаңа жыл қарсаңында естелік сыйлықтар табысталды.
Жұлдыз Кентбаева





