Ердос Кенжебергенұлы – білімге құштар, ізденісімен дараланған жас өрен. Оның ерекше қызығушылығы математика пәнімен тығыз байланысты. Сандар әлемінің тылсым құпиясын тануға ұмтылған Ердос бүгінде түрлі білім бәйгелерінде өз қабілетін дәлелдеп келеді.
Ол «El Umiti Talent» олимпиадасының республикалық финалына қатысып, өз білімін үздіктермен қатар сынады. Республикалық «Айқанат» олимпиадасында бақ сынап, тәжірибе жинақтады. Сонымен қатар, «Ақбота» зияткерлік олимпиадасында екінші орын иеленіп, терең білімін көрсетті. «Кенгуру» халықаралық ойын-конкурсында бірінші орынға қол жеткізіп, математикалық ойлау қабілетінің жоғары екенін дәлелдеді. Ал «Тарих ата» олимпиадасындағы үшінші орны оның жан-жақты білімді оқушы екенін аңғартады.
Ердостың арманы – болашақта білікті математик атану. Ол үшін әр есептің шешімін табуға талпынып, күрделі тапсырмалардың жауабын іздеуден жалықпайды. Оның пайымынша, математика адамды ұқыптылыққа, дәлдікке және логикалық ойлауға баулиды. Сондықтан ол бұл ғылымды терең меңгеріп, болашақта ел игілігіне қызмет ететін маман болғысы келеді.
Қазіргі таңда ғылым мен технологияның қарқынды дамуы математиктердің еңбегіне деген сұранысты арттырып отыр. Осыны жақсы түсінетін Ердос білімін шыңдап, жаңа белестерді бағындыруға ұмтылуда. Арманға апарар жол табанды еңбектен басталатынын ұғынған жас талаптың болашағынан зор үміт күтуге болады.
Сандар тілін сөйлеткен жас дарынның ғылым көгінде жұлдызы жарқырап, арманы ақиқатқа айналсын деген тілек зор.
«Жетісу-Ақпарат»





