2026-2027 оқу жылында Қазақстанның жоғары оқу орындарына су мамандықтары бойынша түсетін талапкерлер үшін 751 білім беру гранты қарастырылған. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өткізген аппарат кеңесінде белгілі болды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Министрліктің мәліметінше, бөлінген мемлекеттік тапсырыс су шаруашылығы саласының кадрлық әлеуетін арттыруға және болашақ мамандарды қолдауға бағытталған. Гранттар нақты бағыттар бойынша төмендегідей бөлінді:
- «Су ресурстары және суды пайдалану» – 336 грант (оның ішінде 286 грант күндізгі оқу нысанына, 50 грант қысқартылған оқу бағдарламасына арналған);
- «Гидротехникалық құрылыс және су ресурстарын басқару» – 215 грант;
- «Гидромелиорация» – 100 грант;
- «Сумен жабдықтау және су бұру» – 100 грант.
Айта кетерлігі, бұл тізімге жоғары оқу орындары өз бетінше айқындайтын нысаналы гранттар енгізілмеген. Олардың нақты жалпы саны маусым айының соңына дейін белгілі болады деп күтілуде.
Қазіргі таңда Қазақстанның жоғары оқу орындарында су саласы мамандықтары бойынша 2629 студент білім алып жатыр. Оның 2393-і бакалавриатта оқиды (олардың ішінде 1106 студент былтыр бірінші курсқа қабылданған). Сонымен қатар 126 адам магистратурада, 110 адам докторантурада (PhD) ғылыми ізденіс үстінде.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов:
«“Қазсушар” филиалдарында студенттердің өндірістік тәжірибеден сапалы өтуін ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлу қажет. Осы мақсатта біз су саласының мамандарын даярлайтын барлық жоғары оқу орындары мен колледждермен меморандумдар жасадық. “Қазсушар”, Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы, Ұлттық гидрогеологиялық қызмет, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, екі комитет және министрліктің орталық аппараты түлектерді жұмысқа қабылдауы тиіс. Бос жұмыс орындары бар, сондықтан бұл жұмысты жүйелі түрде ұйымдастыру қажет. Енді бізге бөлінген білім гранттарының жеткіліктілігін анықтау керек. Алдағы бес жылға су саласының кадрлық қажеттілігін айқындап, бұл мәселені Ғылым және жоғары білім министрлігімен және жоғары оқу орындарымен бірлесіп пысықтауымыз қажет», – деп атап өтті.





