Халқымыз «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген. Сүйінбай ақын дүниеге келгелі екі ғасырдан астам уақыт өтті. Оның өсіп-өнген ортасы бұл күнде адам танымастай өзгерді.
Ауызша шежіреге жүгінсек, ақын Екей бабасының тоғызыншы ұрпағы. Яғни Екейден – Жарымбет, Жарымбеттен – Әлти, Әлтиден – Бердәлі, Бердәліден – Шақа, Шақадан – Қаржау, Қаржаудан – Жиенқұл, Жиенқұлдан – Күсеп, Күсептен – Арон, Ароннан – Сүйінбай.
Арғы бабаларының ішінде ағайынды Баянай, Әлти, Қосайға дұшпанның тісі батпаған арқалы, адуынды кісілер болған екен. Бабасы Күсеп туралы зерттеулерде оның жырау, қобызшы болғаны айтылады. Алайда, ақын Әбдіғали Сариевтің жеке қорында сақталған «Ботанбайдың айтқаны» деген өлеңде ақынның шежіресі таратылады. Онда Күсеп туралы: былай делінеді:
Үлкені Жиенқұлдан туған Күсеп,
Ақылды, болар күнді оймен пішед.
Айға бөліп он екі бір жылды әкеп,
Ашық, жауын күндерді қылған есеп.
…Күсепті көргенім жоқ – дейді – ақын,
Тағы да білгенім жоқ айтқан датын.
Ботанбай Сүйінбайдың көзін көрген. Ол кезде Күсептің кім болғаны туралы мәліметтер ұмытылмаған кез. Ботанбай Күсепті жаңа қырынан ашады. Оның жұлдызшы екенін ескертеді. Ол кездің халқы аспан денелеріндегі құбылыстарды зерттейтін адамдарды абыз деп атаған. Яғни Күсеп ақын болса, оның өлеңдері Сүйінбай дәуірінің адамдарының аузында жүрген болар еді. Демек, Күсеп жұлдызшы болған секілді. Сонымен қатар, жырда Ботанбай ақын Арон туралы былай дейді:
Сүйінбайдың әкесі батыр Арон,
Шимайлап ақ қағазға тарттым қалам.
Аронға құдай беріп, төрт ұл туған,
Біреуден біреуге өтіп мына жалған.
…Күсептен Арон туып, мұрас қапты,
Кедей болып өтіпті азаматым.
Яғни, Сүйінбай заманының адамдары Аронды батыр деп таныған. Сонымен қатар, жырда Аронға мал бітпей кедей өткені туралы да айтылады.
Сүйінбай озған ақын алты Алаштан,
Тең келіп ақындардан кім таласқан?
Анардай екі беті қып-қызыл боп,
Келбеті ақындыққа құп жарасқан.
Ақынның портретін осы бір шумақ дәл бейнелеп отыр. Иә, Сүйінбай – Алаштың ақыны. Замандасы Ботанбай айтып кеткендей, ақынның абыройы қазақ түгілі алты Алаштың баласына жайылады.
…Атағы алты Алашқа жайылғанмен,
Сүйінбай көріп өткен қиын жайды.
…Сүйінбай өткір тілдің арқасында,
Билер мен төрелердің аузын буған…
…Ақ қағазға өлеңі жазылмастан,
Топырақ ақынның да бетін басқан.
Ботанбай ақынның тағдырының қиын болғанын айтады. Әрине, ол алмастай жарқ етіп, қара қылды қақ жарған ақындық жолды таңдады. Тура биде туған жоқ. Сондықтан оның жолы ауыр болды. Ақынның «төрелер мен билердің өткір тілмен аузын буған» деген сөзі де шындық. Мәселен:
Дәулетбақтан Ноғайбай, сен бір арсыз,
Байсүгір Қараталдан тұғиянсыз.
Станбек, төремін деп мақтанбаңыз,
Сол арсыздың ішінде сіз де барсыз.
Бұл арада Ноғайбай да, Станбек те Жетісуда бетіне жан пенде келмеген шынжыр балақ, шұбар төстер еді. Сүйінбайдың ғасырлар бойы халқы аялап келген ең басты ақындық құдіреті осында жатыр.
Ботанбай «ақын жырлары ақ қағаз бетіне түспей кетті» деп өкініш білдіреді. Алайда «Орны бар оңалар» деп халқымыз бекер айтпаған. Сүйінбай жырын елі, оның жолын қуған кейінгі буын ақындар бүгінгі заманға жеткізді. Әрине, жазып қалдырғандай қайдан болсын? Әйтсе де қолдағы бар мұрамыздың мән-мағынасын зерделесек, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге баршылық.
Меруерт ӘБІШ
Ү. Кәрібаев әдеби-мемориалды
музейінің ғылыми қызметкері