Жақында облыс әкімі Бейбіт Исабаев журнелистер үйіне арнайы келіп, тілшілер қауымымен жолықты. Артынша «Жетісу» телеарнасы алаңында аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарына эксклюзивті сұхбат берді. Аталған сұхбаттың толық нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз.
Думан Алтынбекұлы:
– Бейбіт Өксікбайұлы, жалпы, өткен жылды қалай қорытындыладық? Әңгімемізді осыдан бастасақ.
– 2023 жылы негізгі қысқа мерзімдік экономикалық индикаторлар және өңірлік жалпы өнімнің экономикалық өсімінің пайызы бойынша республикада 1-ші орынға шықтық. Өткен 2024 жылдың қорытындысы бойынша да 2-ші орынға ие болып отырмыз. Мұның барлығы, бүкіл облыс еңбеккерлерінің, бәріміздің бірлескен еңбегіміздің жемісі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімнің ішінде әлеуметтік экономикалық индикатор 114,8%-ды құрады. Ал экономикалық өсімді 9-10%-дың көлемінде күтіп отырмыз. Оның қорытындысы алдағы наурыз айында шығады. Өндіріс көлемі 3,4%-ға, ауылшаруашылығы 3%-ға, сауда 1,2 есеге өсті, құрылыс 1,5 есеге, тұрғын үйді беру көлемі 15%-ға ұлғайды. Облыс экономикасына инвестиция тарту 1,4 есеге, оның ішінде жеке инвестиция көлемі 1,7 есеге өсті. Сондықтан бұл қомақты көрсеткіш, жақсы нәтиже. Енді осы қарқынды жоғалтпай, 2025 жылдың қорытындысында көздеген мақсатқа қол жеткізіп, өңірдің экономикасы, әлеуметтік дамуын жақсы аяқтауды межелеп отырмыз.
Жұматай Оспанұлы:
– Бейбіт Өксікбайұлы, жақында ғана үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Сол алқалы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы негізгі 8 басымдықты атап өтті. Осы орайда облыста алға қойған жоспарларыңызды айта кетсеңіз?
– Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент өзіңіз айтқан 8 бағытты атап көрсетті. Нақты тапсырмалар берді. Одан кейін іле-шала облыстық әкімдіктің кеңейтілген мәжілісін өткізіп, Мемлекет басшысы алдыға қойған міндеттерді орындаудың нақты іс-шаралар жоспарын бекіттік, басым бағыттарымызды айқындадық. Жетісу – ең алдымен ауылшаруашық бағытындағы өңір. Сондықтан алға қойған мақсатымыз – ауылшаруашылық тауарларын өңдеу өндірісін қолға алу. Жүріп жатқан өндірісті ширатып, қарқын алуына ықпал етуіміз қажет. Облыста құс фабрикасын салу үшін инвесторлармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сол сияқты жүгері өңдейтін зауыт салу керек. Осыған орай Жаркент өңірінде осы мәселе қол ға алынады. Өңірде өндірілетін қант қызылшасы, жүгері, бидай, ет, сүт сияқты ауылшаруашылығы тауарларының 65 пайызын өзіміз өңдейміз. Бұл бағыттағы мүмкіндігімізді одан ары өсіруіміз қажет.
Екіншісі, өндірісті дамыту. Президент айтқан экономиканы әртараптандыру дегеніміз – жаңа жұмыс көздерінің ашылуы, сапалы өнім, жалақысы жоғары жұмыс ұсыну. Бұл бағытта бірнеше өндірістік жобаларымыз бар, оны сұхбат барысында айтармын.
Үшіншісі, туризм саласы. Алакөліміз бен Балқаш көліміз, Алатауымыз – мұның бәрі туризмді дамытуға үлкен септігін тигізеді. Шынын айту керек, ұзақ жылдар бойы туристік саланы дамытамыз деп үнемі айтып келеміз. Бірақ, өкінішке қарай, соның бәрі сөз жүзінде қалып қойды. Қазір оны шын мәнінде іске асыруға кірісіп жатырмыз.
Төртінші бағыт, цифрландыру. Сондықтан бұл мәселеге қатты мән беріп отырмыз. Қазір облыста «Өңірлік геоақпараттық жүйе» жұмыс істеп тұр. Бұл ақпараттық жүйені пайдаланылмай бос жатқан ауылшаруашылық жерлерін бақылау мақсатында бастағанбыз. Оны басқа да салаларда пайдаланып, дамытып келеміз. Сонымен бірге Талдықорған қаласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін «Смарт Сити» стандартына сәйкес үлкен жоба әзірленуде. Бұл – бүкіл қаланың өмірін, оның ішінде тұрғындар қауіпсіздігі, көше тазалығы, бағдаршамдардың дұрыс жұмыс істеуі, көшедегі тұрмыстық қалдық, көшені жөндеу жұмыстарының сапасы, жол қозғалысы сынды барлығы 15 бағытты онлайн режимде 24 сағат бақылай алатын орталық. Бұл шаралар халықтың қауіпсіздігі мен қолайлы өмір сүруіне, демалысы мен сапалы жұмысын қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Келешекте негізгі салалардың барлығын цифрландыру ісі тұрақты дамитын болады.
Хасан Еспанов:
– Бейбіт Өксікбайұлы, өткен жылы қандай нақты әрі ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асты? Биылға қандай жоспарлар бар?
– Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша аймақ экономикасына 522 миллиард теңге инвестиция құйылды. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 1,4 есеге артық. Оның ішіндегі жеке инвестицияның үлесі 394 миллиард теңгені құрады, бұл алдыңғы жылдан 1,7 есеге өсті. Бұл ретте өңірде шетелдік инвестиция тартуға баса назар аударамыз.
Енді сұрағыңызға келер болсақ, өткен жылы іске қосылған негізгі жобалардың қатарында өткен жылы 200 жұмыс орнын ашқан «Asma Industrial» өндірістік аккумуляторлар зауыты іске қосылды. Сонымен қатар, біраз жыл бойы жұмысы тоқтап тұрған майлы дақылдарды өңдейтін «Жетісу Мажико» агрокешенін былтыр іске қостық. Ал биылғы жылдың жоспарына Талдықорғандағы «Қайнар АКБ» зауытының өнеркәсіптік аккумулятор батареяларын шығаратын жаңа жобасын іске асыру енгізіліп отыр. Жобаның құны 10 миллиард теңгеден асады, 150 жаңа жұмыс орнын ашу межеленіп отыр. Бұдан бөлек, биыл Кербұлақ ауданында ең ірі инвестициялық жоба тау-кен металлургия комбинаты іске қосылады. Құны 1,3 триллион теңгеге бағаланған комбинатта 2000 жұмыс орны ашылып, жергілікті жұртшылықты жұмыспен қамтиды. Өткен жылы олар теміржол желісін, қойма ғимараттарын салған болатын.
Ал биыл құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. Сондай-ақ осы жылы Талдықорғандағы «Басқуат» жылыту қазандығының аумағында тұрмыстық қалдықты қайта өңдеуден өткізетін зауыттың құрылысы басталады, келесі жылы құрылысты аяқтау жоспарда бар. Инвесторлармен үшінші қант зауытының құрылысын жүргізу туралы келісімдер жасалуда.
Біздің өңірдің көлік-логистикалық жағынан әлеуеті зор. Бұл орайда, Президент айтқандай, транзиттік мүмкіндіктерімізді экономикалық жағынан барынша тиімді пайдалану қажет. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы біздің өңіріміз үшін экономикалық өсу нүктесі болып есептеледі. Өздеріңіз білетіндей, жыл басында жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелерін шығаратын заманауи зауыт салу жобасы іске асырыла бастады. Жобаның құны – 40 млн. АҚШ доллары, 300-ден астам жұмыс орны ашылады. Биылғы жылдың соңына қарай арнайы экономикалық аймақ аумағында заманауи үлгідегі әуежайдың құрылысы басталады деп күтілуде. Жүк және жолаушылар терминалын қамтитын жоба қолға алынады. Оның құны 250 миллиард теңгеге тең. Бұл — «SKYHANSA» ЖШС-нің еншілес компаниясы. Жалпы салатын жаңа әрі ауқымды құрылыс еліміздің транзиттік әлеуетін арттыра түсеріне сенім мол.
Қысқаша айтқанда, 2025-2027 жылдары Жетісу облысында 120-дан астам инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Осының өзі үлкен жетістік емес пе?!
Думан Алтынбекұлы:
– Жетісу облысы аграрлы аймақ саналады. Шынында былтыр егіннен мол өнім түсті. Әсіресе стратегиялық дақыл – қант қызылшасынан рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Дегенмен өнімді өткізуде біршама қиындық туды. Биыл бұл мәселелер ескерілетін болар?
– Былтыр 13 мың гектар жерден 630 мың тонна қант қызылшасын жинадық. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы мол өнім. Орташа көрсеткіш гектарына 450-500 центнерден айналды. Үлкен көрсеткіштің артында өте ауқымды жұмыс жатқаны анық. Өткізудегі уақытша қиындық Жамбыл облысындағы диқандардың жағдайына байланысты туындады. Біз Жамбыл облысынан 100 мың тонна қант қызылшасын қабылдап, Ақсу қант зауытына өңдеуге алдық. Соған орай қызылша қабылдау уақыты 1 айға созылып кетті. Бұл енді қайталанбайды. Себебі биыл Көксу қант зауытына 60 млн. евроға модернизациялық жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Сол арқылы зауыттың жылдық қуаттылығы 500 мың тоннаға жетеді. Ал Ақсу қант зауытының қуаттылығы – 350-400 мың тонна. Сонда 800-900 мың тонна қызылшасын өңдеуге қабілетіміз жетеді.
Жетісу жерінің құнары жеткілікті. Оған қоса суару жүйелерін жаңғыртып, суармалы жерлердің көлемін арттырамыз. Сол кезде қант қызылшасының көлемін 1 000 000 тоннаға жеткізуге мүмкіндігіміз бар. Мұндай мол өнімді үшінші қант зауытын іске қоссақ, өзімізде толықтай өңдей аламыз.
Жұматай Оспанұлы: – Егін салумен айналысатын аграрлы аймақ дегенімізбен, мал бағып, төрт түлігімізді де өсіріп келе жатқан елміз. Тұтынатын азығымыз ет пен сүт өнімдерінің сапалы болуы да маңызды. Осы тұрғыда облыстағы ветеринария саласының жұмысы қалай жүріп жатқаны туралы тарқатып айтып берсеңіз?
– Дұрыс айтасыз. Адамның денсаулығы ішетін суына, күнделікті тамағына, еті мен сүтіне тікелей байланысты. Облыстағы малдың басы қазір 2,3 миллионға жетіп отыр. Сол себепті, ветеринария саласына үлкен мән беруге тиіспіз. Өздеріңіз жақсы білесіздер, былтыр мамандардың орташа жалақысы 60 пайызға өсті. 2023-2024 жылдары облыстың ветеринария саласына 45 автокөлік әперіп, компьютерлермен, планшеттермен қамтамасыз еттік. Ең негізгісі, алдыңғы жылы 24 ветеринариялық пункт, былтыр 25 модульді ветпункт салып бердік. Биыл тағы 20-сын саламыз деп отырмыз. Сонымен ветеринарлық бекеттердің қажеттігі шешіледі.
Өздеріңіз білесіздер, жазды күні екпеге қажетті құралдар мен дәрі-дәрмектер салқын жерде тұру қажет. Шаруа қожалықтарын аралап жүріп, екпе салу үшін арнайы тоңазытқышы бар көлік керек. Олай болмаған жағдайда препараттардың сапасы төмендейді. Ал бұл өз кезегінде төрт түлік денсаулығына әсер етеді. Осыған көз жеткізгеннен кейін қаражатты аяған жоқпыз. Нәтижесінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша облысымызда қауіпті аурулар тіркелген жоқ, жалпы эпизоотиялық жағдай жақсара түсті. Бұл сапалы екпенің, сапалы ветеринарлық қызметтің дұрыс жолға қойылғанынан деп білемін.
Хасан Еспанов:
– Бүгінгі күні жұртшылықты азық-түлік және ең қажетті тауарлар бағасының күрт өсуі алаңдатады. Осыған байланысты қандай шаралар қолға алынып жатыр?
– Еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру үшін ауқымды жұмыстар жасалуда. Бұл механизм бізде де бар. Оның ең бастысы – тұрақтандыру қорларын қаржыландыру. Былтыр осындай жүз қорды қалыптастыру үшін біз 9,2 миллиард теңге бөлдік. Ол үшін азық-түлік өсіріп, өндіретін шаруа қожалықтарымен келісімшарт жасалып, қажетті әлеуметтік тауарларға тапсырыс беріледі. Қажетті несие жеңілдікпен ұсынылады. Бірақ өнімнің бағасы нарықтағыдан көп арзан болады.
Сонымен қатар 1-1,5 жылдың ішінде «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 7 әлеуметтік дүкен аштық, Талдықорғанда сыйымдылығы 3 мың тоннадан асатын қойма жұмыс істеп тұр.
Оған қоса, «Тоймарт» «Смолл» сауда желілері арқылы коммерциялық келісіміміз бар. Ондағы баға да нарықтағыдан едәуір төмен. Олар «Жетісу» ӘКК арқылы біздің азық-түліктерімізді саудалайды, ондағы біздің шартымыз – сатып алынған бағадан 15%-дан аспауы керек. Мысалы, картоп бағасына қатысты жағдай кезінде біз осындай механизммен интервенция жасадық. Әлеуметтік дүкендер мен сауда желілерінен бөлек, Талдықорған қаласының көшелерінде арзан картопты саудалаған көліктер тұр. Сондықтан осындай тетіктер аймақ жұртшылығының көңілінен шығып отыр.
Жалпы алғанда біздің аймақта картоптың жетіспеушілігі болған жоқ.
Сондай-ақ, облыс орталығында жәрмеңкелерді тұрақты ұйымдастырып тұрамыз. Ондағы бағалар арзан. Әр шаруашылық өзі өсірген дақылдары мен жеміс-жидегін, өз қолымен жемдеген малының еті мен сүтін саудалай алады. Осындай жәрмеңке әр сенбі сайын Талдықорғандағы коммуналдық базарда да ұйымдастырылады. Яғни «Алқаптан сөреге дейін» жобасы осылайша іске асырылып келеді.
Жалпы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесін бақылауда ұстап отырмыз. Қажет болса қорларымыз бен тетіктерімізді іске қосып, бағаны тұрақтандыруға күш саламыз.
Думан Алтынбекұлы:
– Бейбіт Өксікбайұлы, халықтың жайлы өмір сүруі үшін инфрақұрылым мәселесі маңызды. Бұл бағытта қандай шаралар атқарылып жатыр?
– Халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін ең алдымен керегі – газ, су, жол. Сондықтан инфрақұрылымды дамытуға көп көңіл бөліп келеміз. Жетісу аумағындағы жолдардың 94 % жақсы және қанағаттандырарлық деңгейде. Бұл – республикадағы үлкен көрсеткіштің бірі. «Достық» стансысына және Алакөлге дейінгі үлкен магистральдық жолдардың құрылысы бітті, Балқаш көліне дейінгі жолды мамыр айында аяқтаймыз. Биылғы жылдың соңына дейін «Қорғастан» Кербұлақ ауданына дейінгі жолдың құрылыс жұмыстары толық бітеді. Былтыр 193 шақырым облыстық маңыздағы жолдар мен 54 елді мекеннің ішкі жолдарына жөндеу жүргізілді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады.
Өздеріңіз жақсы білесіздер, 30 жылдан бері жөндеу көрмеген Қаратал ауданының Көпбірлік ауылына дейінгі жолы өткен жылы жөнделді. Ауызсу мәселесіне келсек, аталған ауылдың ауызсуын тұщыландырдық. Ол да біраз уақыттан бері шешілмей келе жатқан мәселе еді. Алакөл ауданының Бибақан ауылындағы халық ұзақ жылдан бері таза ауызсуға жете алмай, құдықтан су ішіп отырған. Оны да шештік.
Ал биыл облыстағы 4 елді мекенге таза ауызсу жүйесін жүргізу жоспарланып отыр. Олардың ішіндегі ең үлкен жоба Алакөл ауданындағы Лепсі ауылында іске асырылады. Алдағы уақытта Сарыөзек ауылының су желісінің құрылысын бітіру мәселесі тұр. Тағы 2 жоба іске асырылады. Сонда орталық ауызсу жүйесіне қосылған елді мекендер саны 331-ді құрап, қамту көрсеткіші 92,5 пайызға жетеді.
Ал газдандыру деңгейіне қарайтын болсақ, облыс қайта құрылған кезде өңірдегі 5 елді мекенге ғана газ жеткізілген еді, яғни газдандыру көрсеткіші 29 пайыз болған. Биыл газбен қамтамасыз етілген елді мекендер саны 63-ке жетіп, газдандыру көрсеткіші 56,5 пайызды құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жылдың аяғына дейін тағы 63 елді мекенді газға қосамыз, соның ішінде 45 жобаның жұмыстары қазір жүріп жатыр, 18-інің жобалық-сметалық құжаттары дайын. Сонда 2025 жылдың қорытындысы бойынша Сарыөзек пен Талдықорғанға дейінгі аралықтағы 126 елді мекенге газ жеткізіліп, газдандыру деңгейі 71,4 пайыз болады.
Оған қоса «Талдықорған-Үшарал» бағытындағы газ құбырының құрылысын былтыр бастадық. Ол биылғы жылдың соңына дейін бітеді. Сонымен бірге Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының 66 елді мекенін бірінші кезекте газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жылдың соңында магистраль біткеннен кейін газ тарту жұмыстарына кіріседі.
Думан Алтынбекұлы:
– Магистральді газ құбыры өңірлерге тартылды. Елді мекендерге дейін құбырлар жетті, көше-көшелерге де тартылып жатыр. Енді үйге кіргізу мәселесі әлі де өзекті болып тұр. Оған мердігер мекеме тарапынан қандай да бір жеңілдік қарастырыла ма?
– Бұл мәселені біз бір жарым жыл бұрын қолға алғанбыз. Естеріңізде болса, халықпен кездесулер кезінде мердігер компаниялардың басшылығына газды үйдегі нүктеге қосудың бағасы қазандық пен керекті жиынтықтың құнын қоспағанда 170 мыңнан аспасын деп тапсырылғанын айтқанмын. Әйтпесе, газ тарту бағасы 300 мың теңгеден асып кеткен жағдайлар да болды. Зерделеп қарасақ, газ қосу нарығында 1-2 компания монополист болып алғанын байқадық. Оларды шақырып, қостыру құнын төмендету туралы ұсыныс-талаптарымызды жеткіздік. Олар ойланып, шешімге келеміз дегенше, газ қосу нарығына тағы 7-8 компания кірді. Сөйтіп өзара бәсекелестік ортаны дамыту арқылы газ қостыру құнын 170-175 мың теңгеге дейін төмендете алдық (газ құбырынан үйге дейін 25 метр). Болашақта елді мекендерді газға қосу кезінде осыны ұстануға тырысамыз. Екіншіден, 1,5 жылдың ішінде 1600 газ қазандығын сатып алуға 500 миллион теңге бөлінді, тұрғындарға қазандықтың құнын 10 айға дейін бөліп төлеуге жеңілдікті жағдай жасадық.
Жұматай Оспанұлы:
– «Ауыл – қазақтың алтын бесігі» деген қасиетті ұғым бар. Былтырдың өзінде көптеген ауылда үйлер салынды. Осы бір үрдіс биыл да жалғасын таба ма?
– Біз ауылдарда мемлекеттің және инвесторлардың есебінен үй салу ісін бастағанымызға 1 жылдан асты. Ауылдарда соңғы салынған үйлер Кеңес кезеңінде 1970-ші жылдары тұрғызылыпты. Содан бері 50 жылдан асыпты. Ойластырылмаған демографиялық-миграциялық үдерістің кесірінен ауылдың болашағы жоқ деп санаған тұрғындар ауылдан қалаға көшкені жасырын емес. Сондықтан біз сараптама жасадық. Облыс бойынша 31 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұрғаны анықталды. Осы халықтың 44,8 % әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санатқа жатады екен. Және осының 22 %-ын ауыл тұрғындары құрайтыны белгілі болды. Осыған орай ауыл тұрғындарының әрқайсысына баспананы сол елді мекенде салып беру ұсынылуда. Көпшілік келісіп отыр. Міне, осыны байқағаннан кейін ауылдарда жаңа үйлер салуды бастадық. Ауылды жерлер электр жарығы, су, табиғи газ, жылу секілді қажетті инфрақұрылымдармен қамтылады. Үйлер көше-көше болып салынып, ауылдың реңі кіреді. Ең маңыздысы, мұның стратегиялық мәні үлкен, яғни халықтың ауылда қалуына тікелей әсер етеді.
Былтыр біз 371,9 мың шаршы метр баспананы пайдалануға бердік. Биыл бұл көрсеткіш кемінде 380 мың шаршы метрді құрауы тиіс деп отырмыз. Өткен жылы ауылдарға 3-тен-10-ға дейін үйлер салынды.
Жұматай Оспанұлы:
– Ауылға баспанадан бөлек мектеп, Мәдениет үйі, медициналық пункт, спорттық нысандар да керек. Былтыр осы бағытта бірнеше нысан салынды. Осындай жақсы үрдіс биыл да жалғаса ма?
– Бірнеше емес, жүздеген нысан салынды. Бір ғана әлеуметтік бағыттағы спорт, мәдениет, білім, денсаулық салаларында құрылысы жоспарланған нысандардың 50 пайызын 2,5 жылдың ішінде жаңарттық. Енді 2-3 жылдың ішінде қалған 50 пайызын толығымен жаңарта алсақ, әлеуметтік нысандарды жаңарту мәселесі толық шешіледі. Оның ішінде қайтадан қалпына келтірілетіні, жаңартылатыны немесе жаңадан салынатындары да бар.
Биыл облыста 122 әлеуметтік нысанның құрылысы жоспарланған. Соның ішінде ірілерін атап өтсек, Лепсі ауылында үлкен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, төрт жаңа мектептің, 7 Мәдениет үйінің, 39 фельдшерлік-акушерлік, 20 медициналық пункттің, 4 «Жедел жәрдем» стансысының құрылысы, т.б. бар.
Сонымен бірге Президенттің тапсырмасына сәйкес биыл Талдықорғанда 150 орынды оңалту орталығының құрылысы басталып, келесі жылы аяқталады. Металлургиялық комбинаттың инвесторы болып отырған «ҚазақМыс Холдинг» компаниясының қаржылық қолдауымен 200 орынды онкологиялық орталықтың құрылысын биылғы жылдың соңында бастаймыз деп жоспарлап отырмыз.
Денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңартқаннан кейін оны білікті кадрлармен қамту мәселесін де шешуді қолға алдық. Елімізде Жетісу облысы алғашқы болып өңірге келген дәрігерлерге бір реттік көтермеақы төлеуді бастады. Яғни ауылды жерге барса 10 миллион теңгеден, қалалық жерге 5 миллион теңгеден беріледі. Оған арнайы қаржы бөлінді. Нәтижесінде 1 жылдың ішінде облысқа 105 дәрігер келді.
Сонымен қатар, биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай Президентіміз алдымызға көптеген мақсат-меже қойып отыр. Соған сәйкес облыстағы 9 колледжде 14 жаңа мамандық ашылды. Бұл ретте заман талабына сай дәнекерлеуші, механик, балық зауытының технологы, аккумулятор зауытының технологы, дронды ұшыра алатын, цифрлық технологияны іске қосатын мамандар даярлауға баса назар аударылып отыр. Жаңадан ашылып жатқан өндіріс ошақтарының бірі тау-кен металлургия комбинаты өздеріне керекті мамандарды даярлайтын техникалық колледж ашу жұмыстарын жүргізуде.
Біз жұмысшы мамандықтарын тәжірибеден өткізетін орталық салуды жоспарлап отырмыз. Құрылысы биыл басталып, келесі жылы бітеді. Орталықтың практикалық сабақтары жаңа технология арқылы оқытылады.
Хасан Еспанов:
– Осы уақытқа дейін ауылдық жерлерге көңіл көбірек бөлінген секілді. Ал облыс орталығының жағдайы қалай болады? Талдықорған тұрғындарын болашақта қандай өзгерістер күтіп тұр?
– Биыл Талдықорған қаласының бюджеті 33 пайызға ұлғаяды. Бұл – өте үлкен сома. Облыс орталығы дамуының басым бағыттарына тоқталсам, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісі алдыңғы орында тұр. Осы мақсатта қоғамдық тәртіпті қадағалайтын 585 бейнекамера және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 136 «Сергек» камерасын орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұған дейін айтып кеткенімдей, «Смарт Сити» форматы бойынша қаланың тіршілігін тәулік бойы бақылай алатын ситуациялық орталықты іске қосу жоспарланған. Сол орталық арқылы қаланың тыныс-тіршілігі басқарылады.
Екіншіден, қала тұрғындардың өміріне ыңғайлы болуы тиіс. Бұл нені білдіреді? Бұл – баспанамен, жылумен, электрмен, сумен, газбен қамтамасыз ету деген сөз. Өткен жылы Талдықорғанда 155 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Биыл бұл көрсеткіш бұдан да өседі.
Фото: Жеңіс Ысқабай