Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева барша қазақстандықтарды Халықаралық отбасы күнімен құттықтап, отбасы құндылықтарын насихаттайтын челлендж бастады.
«Құрметті достар! Сіздерді Халықаралық отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын!» – деп жазды министр өзінің құттықтауында.
Оның айтуынша, бұл мереке отбасын – ең басты құндылықтардың бірі ретінде ұлықтап, адамдарды қамқорлық, қолдау, махаббат және болашақ ұрпақтың жарқын келешегін ойлауға үндейді.
Қазіргі таңда Қазақстанда 6,2 миллионнан астам отбасы бар.
Мемлекет үшін отбасы – тек әлеуметтік институт емес, елдің тұрақты дамуының берік негізі. Әсіресе ана мен баланы қорғау, жас отбасыларға қолдау көрсету – басты басымдықтардың бірі.
Министр атап өткендей, бүгінде елімізде 112 отбасы қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтар азаматтарға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетіп, өмірлік маңызды мәселелерді шешуге жәрдемдесуде.
«Отбасы – бұл тек қоғамның бір бөлшегі емес, бұл – бізді жақсы көретін, түсінетін, қабылдайтын аяулы мекен. Осы жерде тұлғалық қасиетіміз қалыптасып, армандарымыздың іргетасы қаланады. Отбасы берік болса – мемлекет те қуатты болады», – деді Аида Балаева.
Министр қоғамдағы отбасы рөлін жоғары бағалап, балаларына сүйіспеншілікпен тәрбие беріп отырған, дәстүрді ұқыппен сақтап келе жатқан барша ата-аналарға алғысын білдірді.
«Мерейлі отбасы» байқауына өтінім қабылдау басталды
Бүгінгі күннің тағы бір маңызды жаңалығы – «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына өтінім қабылдау басталғаны. Министр байқауға белсенді қатысуға шақырып, әр өңірде өзгелерге үлгі боларлық, тағылымды тарихы бар отбасылар бар екеніне сенім білдірді.
Челлендж: отбасыңыз туралы жүрекке жылы естеліктермен бөлісіңіз
Аида Балаева барша жұртты #отбасыкүні2025 және #деньсемьи2025 хештегтерімен отбасыңыздың фотолары мен тарихы, дәстүрі жайлы әлеуметтік желіде бөлісуге шақырды.
? «Өнегелі өмірлер мен берекелі отбасылар – баршамызға үлгі!»