Жиынға облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаева төрағалық етті. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рауан Дауталиновтың баяндамасы тыңдалды. Басқарма басшысының айтуынша, жеке табыс және әлеуметтік салықтар бойынша салық базасының орындалмауына байланысты шешім жобасында 3,8 млрд. теңге көлемінде бюджетті секвестрлеу, сондай-ақ үнемделген және игерілмей қалу қаупі бар қаражаттардың тиімділігін арттыру мақсатында бағдарламалар арасында қайта бөлу көзделген.
Атап айтқанда,«жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтер» 1 функционалдық топ бойынша жергілікті атқарушы органдарын ұстауға (жаңадан құрылған туризм басқармасын ұстауға) 20,7 млн. теңге шығыстар бөлу, «Қорғаныс» 2-функционалдық топ бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу іс-шараларына, облыстың төтенше жағдайлар департаментінің негізгі капиталдық шығындары мен материалдық-техникалық жарақтандыруына (әуе көлігі қызметтерінің тарифтері артуына байланысты шығындар, Сарыөзек ауылының №9 өрт сөндіру бөлімінің ғимаратын күрделі жөндеуді аяқтау, 2024 жылы сатып алынған құтқару катер үшін төлем) жалпы 409,6 млн. теңге көлемінде шығыстар, «қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік» 3-функционалдық топ бойынша ішкі істер және қоғамдық тәртіпті қорғау органдарын ұстауға (ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап 1 ш. м. тұрғын үйді жалға алу құнының 27% -ға өсуіне байланысты қызметкерлерге тұрғын үй төлемдері) 450 млн. теңге шығыстар бөлу жоспарлануда.
Сондай-ақ, «білім беру» 4-функционалдық топ бойынша ағымдағы шығындарға қосымша 1,4 млрд. теңге, «денсаулық сақтау» саласында 5-функционалдық топ бойынша ағымдағы шығындарға қосымша 598,7 млн. теңге бөлу қарастырылған. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық» 7-функционалдық топ бойынша шығыстар көлемі 55,2 млн. теңге, дене шынықтыру және спорт саласы бойынша ағымдағы шығындарға қосымша 147,1 млн. теңге бөлу жоспарланған.
«Отын-энергетика кешені және жер қойнауын пайдалану» 9- функционалдық топ бойынша шығыстар үздіксіз жылу беру маусымына отын сатып алуға энергия өндіруші ұйымдардың шығындарын субсидиялауға 553,4 млн. теңге, «ауыл, су, орман, балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, қоршаған ортаны және жануарлар дүниесін қорғау, жер қатынастары» 10-функционалдық топ бойынша шығыстар ауыл шаруашылығы малын, техника және технологиялық жабдықты сатып алуға несие беру, сондай-ақ лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға 1 млрд. теңге қарастырылған.
Ал «көлік және коммуникация» 12-функционалдық топ бойынша автомобиль жолдарын жөндеу және жолаушыларды тасымалдауға 1,8 млрд.теңге бөлу көзделсе, басқалары 13-функционалдық топ бойынша халықтың 3 айлық қажеттілігінің 30%-нан 50%-на дейінгі көлемде өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру үшін келісімшарттар көлемін ұлғайтуға қосымша 1,5 млрд. теңге бөлу жоспарланған.
Соңында облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов жол, газ, жылу, су, туризм салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасап, жалпы облыс экономикасының дамуында өрлеу бар екенін, салық түсімдері мен кірістердің де талап үдесінен шығып отырғанын сөз етті. Сондай-ақ, халық арасындағы проблемаларды жеткізетін депутаттардың ұсыныс-тілектері әрдайым назарға алынып, ескерусіз қалмайтыны, соның нәтижесінде оңды шешімдер қабылданып, жұмыстар жүргізілетіні, осының бәрі бірлескен істердің арқасында қол жеткізіліп жатқан табыстар екені айтылып, депутаттарға алғыс білдірілді.
Сонымен бірге, қаражат негізінен экономикалық өсім беретін салаларға бағытталатыны алға тартылды.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





