Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының дәрігерлері салмағы небәрі 825 грамм болып, жүктіліктің 29-шы аптасында дүниеге келген шала туған сәбидің өмірін сақтап қалды.
Анасының жағдайы ауыр болып, оған ауыр преэклампсия диагнозы қойылған. Дәрігерлер шұғыл түрде кесарь тілігі отасын жасап, алтыншы жүктіліктен мерзімінен бұрын нәресте дүниеге келді. Сәбиді бірден неонатологтар мен реаниматологтар қабылдап, қажетті жедел медициналық көмек көрсетілді.
Өмірінің алғашқы минуттарынан бастап сәби үшін әрбір тыныс пен әрбір грамм салмақ күреске айналды. Мұндай шала туған балалар ерекше күтімді қажет етеді. Сол себепті дәрігерлер мен мейірбикелер 47 күн бойы тәулік бойы еңбек етіп, сәбидің жағдайын жіті бақылап отырды.
Мамандардың жоғары кәсібилігі мен қажырлы еңбегінің арқасында нәресте біртіндеп салмақ қоса бастады. Қазір оның салмағы 1300 граммға жетіп, жағдайы тұрақталған соң бала Ұлттық педиатрия және балалар хирургиясы орталығына ауыстырылды.
Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының балалар реанимация бөлімінің меңгерушісі Салтанат Альмухамбетова:
«Мұндай шала туған нәрестелердің өмірі – үлкен сынақ. Әр күн – тынысы мен салмағы үшін күрес. 825 грамм болып туған сәби өздігінен тыныстап, салмақ қоса бастағанда – бұл біз үшін ең үлкен қуаныш. Мұндай сәбилер – нағыз кішкентай батырлар», – деп дәрігерлердің кәсібилігі мен командалық еңбекті жоғары бағалады.
Сәбидің анасы да:
«Баламның салмағы бір келіге де жетпейді дегенде үмітім үзілген еді. Бірақ дәрігерлер үміт отын сөндірмеді. Қазір ұлымды көріп, бұл – шын мәнінде ғажайып екенін түсіндім. Бұл – дәрігерлердің мейірімі мен кәсібилігінің арқасында болған керемет», – деп дәрігерлерге алғысын білдірді.





