Қазақстанда 50-ден астам депутат банк атауларында «халық», «ұлттық» сияқты сөздерді қолдануға тыйым салуды ұсынды. Олар бұл түзетуді «Банктер және банк қызметі туралы» заңның 7-бабына енгізуді көздеп отыр.
Ұсынысқа сәйкес, коммерциялық банктер мен өзге де жеке қаржы ұйымдары атауларында «ұлттық», «республикалық», «мемлекеттік», «орталық» және «халық» сөздерін кез келген тілде — толық немесе қысқартылған түрде қолдана алмайды.
Депутаттардың айтуынша, «халық» сөзі — конституциялық ұғым, ол тек мемлекет пен қоғамға тиесілі болуы тиіс. «Қазақстан Конституциясының 3-бабында “Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы — халық” деп жазылған. Сондықтан бұл термин жеке тұлғалардың меншігіндегі коммерциялық ұйымдардың иелігінде болмауы керек», — делінген депутаттық үндеуде.
Халықтың атын жамылған жекеменшік банк қоғамды шатастырып, азаматтарда оның қоғамдық немесе мемлекеттік мәртебесі бар деген қате түсінік қалыптастырады, дейді мәжілісмендер. Мұндай тәжірибе адал бәсекеге де, жарнама және атау туралы заңдарға да қайшы.
Депутаттар халықаралық тәжірибені де мысалға келтірді: көптеген елдерде «халықтық» немесе «ұлттық» атаулар тек мемлекеттік немесе қоғамдық меншіктегі ұйымдарға ғана рұқсат етіледі.
Қазақстандағы ең ірі коммерциялық банктердің бірі — «Қазақстан Халық банкі» (Halyk Bank) — осы тыйымның астына түсетін негізгі ұйым болуы мүмкін. Ашық деректерге сәйкес, банктің 69,48 пайыз акциясы Тимур Құлыбаев пен оның жұбайы Динара Құлыбаеваға тиесілі. Екеуі «АЛМЭКС» холдингтік тобы арқылы банкке иелік етеді.
Яғни, атауындағы «халық» сөзі бар қаржы ұйымының негізгі үлесі елдегі ең ірі бизнесмендердің қолында. Депутаттар мұны қоғамды жаңылыстыру және «халық» ұғымын коммерциялық мақсатта пайдалану деп санайды.
Мәжілісмендер бұл норманы заңға енгізу қоғамдық әділеттілікті және атаулардың мағыналық тазалығынқамтамасыз етеді деп есептейді. Егер түзету қабылданса, «халық» сөзі тек мемлекеттік немесе қоғамдық құрылымдар атауында ғана қолданылмақ.
Дереккөз: SMARTNEWS.KZ





