Қарулы күштердің элиталық бөлімдерінде күзгі әскерге шақыру науқаны аяқталды. Алматы, Қонаев және Талдықорған қалаларында орналасқан десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрамалары мен әскери бөлімдеріне 1500-ден астам жас жауынгер келіп қосылды, деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Жас сарбаздар алғашқы күннен бастап бейімделу кезеңінен өтіп жатыр. Роталық оқу жиындары барысында олар саптық, атыс, тактикалық және дене даярлығын меңгеріп, жалпыәскери жарғылар мен ішкі тәртіп ережелерін үйренуде.
61993 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Дәурен Төленбаевтың айтуынша, басты мақсат – жас сарбаздардың тез бейімделуіне көмектесу, оларды жауынгерлік дәстүрлермен таныстырып, әскери ант қабылдауға дайындау. Оқу процесі кешенді түрде ұйымдастырылып, дене және психологиялық дайындықпен қатар, әскери-патриоттық іс-шаралар да жүргізілуде.
Психологтар да белсенді жұмыс атқаруда. Жас жауынгерлерге диагностикалық тестілер, топтық тренингтер және жеке кеңестер өткізіліп жатыр. Бұл шаралар бөлімдерде салауатты моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыруға бағытталған.
Жиын бағдарламасында жауынгерлік және атыс даярлығына ерекше көңіл бөлінген. Полигондарда жас десантшылар Калашников автоматынан алғашқы атыс жаттығуларын орындап, бөлімше құрамында іс-қимыл жасауды және бронетехниканы жүргізіп тексеріп көру тәжірибесінен өтті.
Астанадан шақырылған қатардағы жауынгер, 2024 жылы Канадада өткен Dageki World Full Contact Karate Championship әлем чемпионатының жеңімпазы Тәтімбек Нөгербек алғашқы атыстар кезінде толқығанын, бірақ кейін нысанаға дәл тигізе бастағанын айтты.
Күн сайын жас десантшылар өздерін үлкен әскери отбасының бір бөлігі ретінде сезіне түсуде. Алда оларды парашютпен секіру, далалық жаттығулар және жауынгерлік оқудың жаңа кезеңдері күтеді.





