Бүгінде әлеуметтік желі адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Facebook, Instagram, TikTok, YouTube және басқа да интернет платформалары арқылы адамдар күнделікті жаңалықпен бөлісіп, түрлі ақпарат алып, өз пікірлерін білдіреді. Соның ішінде діни тақырыптағы ақпараттардың да таралуы кең етек алып отыр. Бұл құбылыстың қоғам үшін пайдалы тұстарымен қатар кері әсерлері де бар.
Алдымен әлеуметтік желінің діни-ағартушылық бағыттағы пайдасын атап өткен жөн. Интернет арқылы кез келген адам діннің тарихы, рухани құндылықтар, адамгершілік, мейірімділік, сабырлылық пен ізгілік туралы ақпараттарға қол жеткізе алады. Білікті дінтанушылар мен теологтардың түсіндіру жұмыстары халықтың діни сауаттылығын арттыруға, жастардың дұрыс бағыт қалыптастыруына ықпал етеді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер арқылы дәстүрлі құндылықтарды насихаттап, қоғамда өзара құрмет пен татулықты нығайтуға мүмкіндік бар.
Алайда діни ақпараттардың әлеуметтік желіде бақылаусыз таралуы қауіп туындатады. Өкінішке қарай, интернет кеңістігінде діни сауаты жеткіліксіз, білімі мен біліктілігі расталмаған адамдардың уағыздары мен түсіндірмелері жиі кездеседі. Кейбір ақпараттар шындыққа сәйкес келмей, қоғамда түсінбеушілік пен алауыздық тудыруы мүмкін. Әсіресе, жастардың жалған діни ақпараттарға сеніп қалуы, радикалды көзқарастардың ықпалына түсуі – алаңдататын мәселе.
Діни мәселеде ақпараттың қайдан алынғанына ерекше мән беру қажет. Кез келген бейнероликке немесе жазбаға бірден сеніп, оны тексермей тарату дұрыс емес. Діни сұрақтар бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен ресми діни мекемелердің ақпараттарына жүгінген жөн. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының зайырлы мемлекет екенін ескеріп, әр азаматтың ар-ождан және діни сенім бостандығына құрметпен қарауы маңызды.
Жастар арасында ақпараттық және діни сауаттылықты арттыру – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі. Бұл бағытта білім беру мекемелерінде, жастар орталықтарында және қоғамдық ұйымдарда түсіндіру кездесулерін өткізу, дінтанушылар мен теологтардың қатысуымен ашық сұхбаттар ұйымдастыру маңызды. Осындай жұмыстар жас ұрпақтың ақпаратты саралап, дұрыс шешім қабылдауына көмектеседі.
Қорыта айтқанда, әлеуметтік желі – діни білімді таратуға мүмкіндік беретін тиімді құрал. Алайда оны дұрыс пайдалану әр адамның жауапкершілігіне байланысты. Діни ақпаратты таңдауда сауаттылық, сыни көзқарас және жауапкершілік қажет. Рухани құндылықтарды насихаттау қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталуы тиіс. Ең бастысы, жастар жат ағымның жетегінде кетпей, саналы, білімді әрі отансүйгіш азамат болып қалыптасуы керек.
Мақсат ЫБРАЙМОЛДАЕВ
«Panfılov jastary» филиалының жетекшісі






