Елімізде психологтардың кәсіби қызметіне бірыңғай талап енгізіледі, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бүгінгі таңда елімізде кәсіби психологиялық көмекке жүгінетін азаматтардың қатары артып келеді. Осы ретте халықтың қауіпсіздігі мен көрсетілетін қызметтің сапасын қамтамасыз ету маңызды мәселеге айналды. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде арнайы кеңес өтіп, саланы реттеудің жаңа тетіктері талқыланды.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта жауапты мамандар қажетті нормативтік құқықтық базаны әзірлеп жатыр. Әзірленіп жатқан құжат психологиялық қызметті жүзеге асырудың құқықтық негіздерін қалыптастырады. Негізгі мақсат – психологтардың кәсіби қызметіне қойылатын бірыңғай талаптарды айқындау. Сапасыз маманнан зардап шегетін азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау заң жүзінде бекітіледі.
«Психологиялық қызмет туралы» заң аясында мынадай негізгі міндеттер іске асырылады:
- Психологтардың мемлекеттік тізілімін жүргізу;
- Бірыңғай кәсіби әдеп кодексін әзірлеу;
- Салаға қатысты өзге де нормативтік құқықтық актілерді дайындау.
Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – психологтардың мемлекеттік тізілімін цифрлық форматта енгізу. Бұл қадам әрбір азаматқа маманның біліктілігі мен дипломын ашық тексеруге мүмкіндік береді. Ортақ базаны қолданыстағы мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялау мәселелері де қатар пысықталуда.
Осы ретте заң талаптарын тиімді іске асыру мақсатында кәсіби қауымдастықтармен, мемлекеттік органдармен және мүдделі ұйымдармен өзара іс-қимыл тығыз жолға қойылады. Бұл реформа еліміздегі психологиялық мәдениетті жаңа деңгейге көтеріп, дипломсыз «мамандардың» жолын кесуге ықпал етпек.





