ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Екіаша» шекара бөлімшесінде жеке құрамның қатысуымен маңызды профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Бөлімше жауынгерлерімен ауыл инспекторы арнайы жүздесіп, құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кездесу барысында ауыл инспекторы әскери қызметшілерге қызметтік тәртіпті қатаң сақтаудың және әскери әдеп қағидаларын бұлжытпай ұстанудың маңыздылығын егжей-тегжейлі түсіндірді. Тәртіп сақшысы өз сөзінде шекарашылардың қоғамда оң үлгі болуы қажеттігін, өйткені олардың әрбір іс-әрекеті мемлекеттің беделі мен қауіпсіздігінің айнасы екенін атап өтті. Сондай-ақ, әскери ұжым ішіндегі өзара қарым-қатынас мәдениеті мен заң нормаларын сақтаудың жауапкершілігі туралы ақпарат берілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жеке құрамның құқықтық сауаттылығын арттыру және тәртіптік жауапкершілікті күшейту. Мұндай профилактикалық жұмыстар әскери қызметшілер арасындағы заңдылықты нығайтуға және кез келген теріс қылықтардың алдын алуға септігін тигізеді. Кездесу соңында жауынгерлер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, құқықтық кеңестерге қанықты. Шекара қызметінің өкілдері мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілетінін айтады.





