Белгілі исламтанушы, теолог Мұхиддин Исаұлы Қазақстандағы ажырасу деңгейінің артуын қоғам үшін аса ауыр мәселе деп бағалайды. Оның айтуынша, отбасы институтының әлсіреуі — ұлт болашағына теріс әсер ететін аса күрделі құбылыс.
— Қазақстан бүгінде ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде алдыңғы қатарда тұр. Бұл — нағыз ұлттық трагедия. Отбасы — шағын мемлекет. Әрбір шаңырақтың берік болуы — бүкіл мемлекеттің нығаюына алып келеді, — дейді теолог.
Исаұлы қазіргі қоғамда некесіз, жасырын қарым-қатынастардың көбейгенін де атап өтті. Ол бұл жағдайдың қоғамдағы жауапкершілік дағдарысын көрсететінін айтты.
— Екінші әйел алуды шариғат шеңберінде, ашық әрі жауапкершілікпен жүзеге асыру — әділетті шешім. Бүгінде кей азаматтар бірнеше әйелмен өмір сүріп жатыр, бірақ оны некесіз, жасырын түрде жасауда. Оның орнына, ата-бабаларымыздың жолымен шариғатқа сай некелесу әлдеқайда орынды. Мысалы, Абылай ханның бірнеше жары болғанын көпшілік біледі, — дейді Мұхиддин Исаұлы.
Сонымен қатар теолог бұл амалдың міндет емес екенін де нақтылап өтті:
— Екінші әйел алу — шариғатта парыз емес. Бұл — үлкен әділеттілік пен жауапкершілікті талап ететін іс. Ең алдымен, бірінші әйелін лайықты қамтамасыз ете алмайтын, еңбекке ынтасы жоқ ер азаматтарға шариғат екінші әйел алуға рұқсат бермейді. Қасиетті Құранда да: “Егер әділ бола алсаңдар, екінші әйел алыңдар” деп жазылған. Бірақ әділ болу — кез келген адамның қолынан келе бермейтін, аса ауыр міндет, — деді ол.
Мұхиддин Исаұлының айтуынша, мемлекет азаматтардың әлеуметтік жағдайын жасауға жауапты болса, рухани және отбасылық жауапкершілік — әр адамның жеке ісі.
«Жетісу-Ақпарат»
Фото: stan.kz





