Қазақстан деген қасиетті қара шаңырақтың тыныштығын сақтау жолында шекарашының әрбір атқан таңы сергектік пен сақтықты, әрбір қадамы жауапкершілік пен табандылықты талап етеді.
Осындай ұғымдарды жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында ҚР ҰҚК шекара қызметі Жетісу облыстық департаменті Алакөл аудандық шекара басқармасының әскери қызметшілері Ақсу ауданы, Суықсай ауылындағы Ю. Гагарин атындағы №10 орта мектептің «Жас шекарашылар» үйірмесіне қатысатын оқушылармен «Шекарашылардың жауынгерлік ерлігі мен батылдығы» атты арнайы сабақ өткізді.
Басқосуда жасөспірімдерге шекара қызметінің жауапты жүгі мен ел тыныштығын күзеткен жауынгерлердің қайсарлығы жөнінде кеңінен мағлұмат берілді. Әскери қызметшілер Отан шебін қорғау жолында ерлік көрсеткен шекарашылардың өнегелі өмір жолдарына тоқталып, жауынгер үшін батылдық пен батырлық, тәртіп пен төзімнің қаншалықты маңызды екенін түсіндірді.
Сабақта жас өрендердің бойына туған жерге деген сүйіспеншілік пен елге деген құрметті орнықтыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әскери қызметшілер жасөспірімдерді Отанның қадірін білуге, ел тыныштығын бағалауға, жауапкершілік пен тәртіпті ту етуге шақырды.
«Жас шекарашылар» үйірмесінің мүшелері үшін мұндай сабақтың тағылымы айрықша. Себебі бүгінгі шәкірт – ертеңгі ел азаматы. Оның жүрегіне бала күнінен елдік ұғымды сіңіру – болашаққа жасалған берік негіз.
Аға буынның айбынды жолын жас ұрпаққа таныстыру арқылы ел қорғаудың мәні мен азаматтық парыздың салмағы ұғынылады. Осындай жүздесулер мен тағылымды дәрістер жас буынның жігерін жанып, ел мен жерге деген перзенттік сүйіспеншілігін бекемдей түсері сөзсіз.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





