Өңірде соңғы жылдары төрт түлік саны еселеп өсті. Бүгінгі таңда аудан бойынша 344 мың бастан астам қой-ешкі, 122 мыңнан астам ірі қара, 27 мыңнан астам жылқы және 350 түйе қыстатылуда. Өткен жылмен салыстырғанда өңірдегі ұсақ мал мен жылқы саны 50 пайызға өскен.
Осы орайда ауданда асыл тұқымды мал өсіретін шаруа қожалықтарының саны 10-нан 34-ке дейін көбейгенін айта кетсек артық болмас. Осыдан 3 жыл бұрын Талды ауылдық округіне Нұрдәулет Найманбаев 100 асыл тұқымды қалмақ сиырын Ресейден әкелген болатын. Биыл күзде сол малдан өскен 100 бас еркек тайыншаны сатты. Басқұншы ауылдық округінде Бақыт Жақыпбеков 58 «Сементал» асыл тұқымды құнажын сатып алып, қазір өз төлі есебінен көбейтуде. «Көктал агро» ЖШС 1150 сауын сиырға лайықталған сүт фермасын салып, іске қосқанына 3 жылдан асты. Мұнда Австралиядан әкелінген Швед тұқымды 473 құнажын сауылып, күн сайын 6 тонна сүт Талдықорғандағы сүт өңдеу зауытына жөнелтілуде. Осындай іс-қимыл «Ернар» ЖШҚ-да жасалуда. Мұнда ағылшын тұқымды 523 «Jersi» сүтті сиырының бұзаулаған 300-ден астамы сауылып, аптасына 10 тоннадан астам сүт өткізілуде.
Күзде Жаркент өңірінде 150 мыңнан астам саулық асыл тұқымды қошқарлардан алынған ұрықпен қолдан қашырылды. Бұл саулықтар наурыз айының 20-жұлдызынан бастап төлдейді.
Тағы бір айта кететін маңызды мәселе – елді мекендер маңында тұрғылықты халықтың малын жаюға жер қалмай барады. Бұл мәселе соңғы кезде еліміздің барлық аймақтарында жүз беріп жүр. Бір ғана Жаркент қаласынан күнде таңертең оннан астам сиыр табыны өріске шығады. Солардың көпшілігі күзде егістік алқаптары босағанша таршылық көреді. Тіпті егін егуге жарамсыз Өсек өзенінің жағасындағы жайылымдық жерлер соңғы жылдары кәсіпкерлерге көптеп кесіп берілгендіктен мал жайылатын жер айтарлықтай тарылды. Жер бөлгенде әкімдер осы мәселені назардан тыс қалдырмағаны жөн.





