Облыста жарық бағасы тағы да өзгермек. 2025 жылдың 1 маусымынан бастап тұрғындар электр қуаты үшін жаңа, жоғары тарифпен төлем жасайды. Бұл туралы Ардагерлер үйінде өткен жария тыңдау барысында айтылды.
Шараны ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жетісу облыстық департаменті ұйымдастырды. Жиында «Талдықорған акционерлік электр жүйелерінің тасымалдау компаниясы» АҚ-ның «Электр қуатын жабдықтау және сату» филиалы ұсынып отырған жаңа шекті баға жобасы қаралды.
Компания ұсынған мәліметке сүйенсек, маусым айынан бастап 1 киловатт-сағат электр энергиясының орташа босату бағасы 36,16 теңгені құрайды (қосымша құн салығын есептемегенде). Бұл бұрынғы бағамен салыстырғанда едәуір қымбат.
Мамандардың айтуынша, бағаның өсуі кездейсоқ емес. Өйткені, электр жеткізу желілерінің қызметі қымбаттаған. Өңірлік және өңіраралық желілік ұйымдардың тарифі биыл 33,4 пайызға артқан.
Тарифтің көтерілуі – амалсыз шешім екенін айтады мамандар. Егер тариф өспесе желілерді жаңарту, апаттық жағдайлардың алдын алу, үздіксіз жарықпен қамту мүмкін болмай қалуы ықтимал.
– Электр жүйесі өздігінен жұмыс істейтін қарапайым механизм емес. Оны ұдайы жаңартып, жетілдіріп отырмаса, ертең жарықсыз қалу қаупі бар. Ал тариф сол тұрақтылықтың кепілі, – дейді Табиғи монополияларды реттеу комитеті Жетісу облыстық департаментінің басшысы Думан Қалибеков.
Жиында қоғамдық ұйымдар мен тұтынушылар да пікір білдіріп, ұсыныстарын айтты. Енді соңғы шешім уәкілетті органдардың қолында.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ