Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 16 мамырда адам капиталын дамытуға, қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға және білімді, бәсекеге қабілетті оқырман ұлт қалыптастыруға бағытталған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Осыған орай, Президент тапсырмасын жүзеге асыру аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі кітап оқуды кеңінен насихаттау, кітапхана ісін жаңғырту және азаматтардың білімге қолжетімділігін арттыру бағытындағы бірқатар жобаларды қолға алды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Олардың қатарында 2026 жылдың қыркүйегінде басталатын «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы бар. Жобаның негізгі мақсаты – кітапсүйер қауымның қатарын көбейту, оқырман мәдениетін дамыту және қоғамда кітап оқудың маңызын дәріптеу. Жоба аясында жыл сайын түрлі жас санаттары бойынша ең белсенді оқырмандар анықталып, кітап оқуға қызығушылықты арттыруға бағытталған үздік өңірлік бастамалар марапатталады.
Сонымен қатар кітап оқу мәдениетін дамытуға ерекше үлес қосқан азаматтарды ынталандыру мақсатында Ұлттық сыйлық тағайындау жоспарланып отыр. Аталған марапат кітапханашыларға, педагогтерге, журналистерге, баспагерлерге, жазушыларға, қоғам қайраткерлеріне және креативті индустрия өкілдеріне берілмек.
Кітапхана саласын цифрландыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру жұмыстарын бастады. Жаңа жүйе электронды каталогтарды, цифрлық қорларды, білім беру ресурстарын және заманауи сервистерді бір платформаға біріктіреді.
Министрліктің мәліметінше, бұл платформа еліміздің кез келген тұрғынына тұрғылықты жеріне қарамастан отандық әдебиеттерге, ғылыми еңбектерге, сирек кітаптар мен архивтік материалдарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Соңғы бес жылда Қазақстанда электронды форматтағы кітаптарды оқу көрсеткіші 9 миллионнан астам пайдалануды құраған. Бұл цифр азаматтардың цифрлық кітап ресурстарына деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Кітапхана инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. 2025 жылы елімізде үш жаңа кітапхана ашылып, қала және ауылдық жерлердегі 36 кітапхана жаңартылды. Ал 2026 жылы тағы 30 кітапхана нысанын жаңғырту жоспарланып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, қолға алынған бастамалар кітап оқу мәдениетін нығайтып қана қоймай, қоғамның білім деңгейін арттыруға, жастардың интеллектуалдық әлеуетін дамытуға және Қазақстанда зерделі ұлт қалыптастыруға ықпал етеді.




