Болып жатыр. Әлемде және әр елде. Жер шарындағы 180-нен астам елде өтіп жатыр. Дегбіріңізді қашырмай, не болып жатқанын айтайық. Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет акциясы өтуде. 25 қарашадан бастау алған шара 10 желтоқсанда аяқталмақ. Былай айтқанда, Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою халықаралық күнінде басталып, Адам құқықтары күнінде акция қорытындыланбақ. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» КММ-нің басшысы Сұңқар Қадыров, «Жанұя» отбасын қолдау орталығының әлеуметтік қызметкері Мадина Белгібаева және облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бөлім бастығы Серік Байқозынов акцияның өңірдегі барысын журналистерге баяндады.
Жиында баяндамашылар акцияның мақсатына тоқталды. Айтуынша, шара отбасында орын алатын заң бұзушылықтардың профилактикасын күшейту, қоғамдағы әйелдер мен балаларды қолдау, қорғау, гендерлік теңдік пен адам құқықтарын қорғау.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» өңірдегі зорлық-зомбылықтың алдын алу, болдырмау мақсатында жұмыс жүргізіп келеді. Арнайы қауырт желіміз де бар. Жыл басынан бері желі бойынша 129 адам әлеуметтік көмекке жүгінді. Оларға құқықтық, психологиялық кеңес берілді. 24 азаматша орталыққа қабылданды. Осы бағыттағы профилактикалық жұмыстарымызды үдетіп отырмыз. Биыл 286 шара ұйымдастырылды. Акция аясында да жоспарлы жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Дейтұрғанмен, зорлық-зомбылық отбасындағы жөнді тәрбиемен тыйылады. Өзге адамға зиян тигізбеу, өміріне нұқсан келтірмеу жауапкершілігін әрбір ата-ана баласының бойына дарытуы тиіс, – деді Сұңқар Қадыров.
Ал Серік Байқозыновтың айтуынша, заң үстемдігін жете түсінгенде жұрт өзгеге зәбір көрсетуден аулақ болады. Оның сөзіне сенсек, жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 175 қылмыстық және мыңнан астам әкімшілік іс тіркелген. Құқықбұзушыларға қатысты 2093 қорғау нұсқамасы шығарылып, соттармен 423 ерекше талап орнатылған.
Акцияда нәзікжандыларға, балаларға қамқорлық шаралары жүзеге асады. Әр құрылым бірлескен жоспарға сай жұмыстар жүргізеді. Дейтұрғанмен, қоғам жақынына зиянын емес, қамқорлығын көрсетсе, нәзікжандыларды аялап, балаларға мейірім төксе, өмір нұрлана түсетінін түйсінсе.
Дастанбек САДЫҚ





