Қазақстанда электросамокаттарға мемлекеттік нөмір орнату мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл жөнінде Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.
Санжар Әділовтың айтуынша, самокаттарға нөмір беру бастамасы Швейцария елінің тәжірибесіне сүйеніп қолға алынған. Бұл елде тек самокаттар емес, велосипедтер де тіркеліп, нөмірмен қамтамасыз етіледі. Қазір бұл ұсыныс Қазақстанда жан-жақты қаралып, пысықталу үстінде.
Электросамокаттардың жаппай таралуы еліміздің ірі қалаларында қауіпсіздік мәселесін ушықтырып отыр. Мәселен, Алматы қаласында 2024 жылдың өзінде электросамокат қатысқан 140 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның ішінде 3 адам қаза тауып, 146 адам жарақат алған. Сонымен қатар, 55 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық орын алған.
Санжар Әділовтің айтуынша, құқық бұзушыларды анықтауда негізгі қиындық – самокаттардың мемлекеттік нөмірі болмауы. Бұл бақылау мен жауапкершілік жүйесін әлсіретіп отыр.
Алматы қалалық полиция департаментінің деректеріне сәйкес, 2024 жылы 28 317 самокат және мопед жүргізушісі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 615-бабы бойынша (жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысына қатысушылардың ережелерін бұзу) жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек, 27 342 жүргізуші 620-бап (жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын басқа да талаптарды бұзу) аясында жауапқа тартылды.
Елордада да жағдай мәз емес. Астана тұрғындары самокаттардың тротуарларға, аулаларға және қоғамдық орындарға ретсіз тасталуына байланысты жиі шағымдануда. Қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы бұл мәселемен жүйелі түрде айналысып жатқанын хабарлады. Кикшеринг қызметін реттеу бойынша нақты шаралар қабылдануда.
Электросамокаттарға мемлекеттік нөмір енгізу – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Бұл жаңашылдық құқық бұзушылықтарды тиімді тіркеуге, кінәлілерді анықтап, жазалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, көлік құралын тіркеу тәртібі азаматтардың да жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Фото: ВК