Бүгінде Жетісу облысының орталығында қолға алынған құрылыс жұмыстары қарқынды. Осыған байланысты қазір Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылында заман талабына сай 150 орынды Мәдениет үйі бой көтеруде.
Сала басшыларының сөзінше, бүгінгі таңда Еркін ауылында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жаңадан салынып жатқан мәдениет үйі солардың бірі. Оның жалпы ауданы — 1 228,6 шаршы метр. Екі қабатты ғимаратта болашақта ауыл жастарына арналған әртүрлі үйірмелер мен кітапхана орналаспақ. Биыл маусым айында басталған құрылыс жұмыстары қазір қарқынды жүргізіліп жатыр. Нысанды 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Ол ауыл тұрғындары мен жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, білім мен тәжірибе алмасуға қолайлы мәдени орталыққа айналмақ. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаспақ.
Мамандардың мәліметінше, 200 мыңнан астам халық шоғырланған Жетісу облысының орталығына қарасты Еркін ауылының 90 жылдан астам тарихы бар. Бүгінде округ құрамына бірнеше елді мекен енеді. Ауылдағы жол инфрақұрылымы жыл санап жақсарып, аулалар абаттандырылып, көшелер жарықтандырылып, көгілдір отынмен қамту деңгейі де артқан.
Ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тортай Ізбасқановтың айтуынша, ауылымыз бұған дейін жайлы мектеп, балабақша, аурухана, мешіт, саябақ және халыққа қызмет көрсету орталығы сынды әлеуметтік нысандармен толық қамтылған. Ал жаңадан мәдениет үйін тұрғызу ауыл тұрғындарының көптен бергі арманы болатын. Енді, міне, халықтың бұл талабы да орындалып, жаңа мәдениет үйі салынуда. Бұл әртүрлі іс-шараларды ұйымдастырып, өнерпаздардың әуезді кештерін тамашалауға мол мүмкіндік бермек.
Айдын КӘЛІМХАН





