Ел қорғаны болу – ердің маңдайына жазылған мәртебемен қатар кейінгі буынға үлгі болар үлкен жауапкершілік. Отанның тыныштығы мен халықтың қауіпсіздігін күзету жолында қызмет еткен азаматтардың өмір жолы жас ұрпаққа қашанда тағылым. Осыны ту еткен ҚР ҰҚК шекара қызметі Жетісу облыстық департаменті мен Алматы қаласындағы №65 мектеп-гимназиясының ұйымдастыруымен оқушыларға арналған «Ерлік сабағы» шарасы өтті.
Келелі кездесуге Ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагері, отставкадағы полковник Мирулла Зайдуллаев қатысып, өскелең ұрпақпен ой бөлісті. Өмір жолын елдік мұратпен сабақтастырған ардагер жас буынға Отанға адал қызмет етудің мән-маңызын, ел тыныштығын күзетудің салмағын кеңінен әңгімеледі.
Жиын барысында азаматтық парыз, отансүйгіштік, ел алдындағы жауапкершілік сынды құндылықтар кеңінен сөз болды. Ардагердің жүріп өткен жолы мен қызметтік тәжірибесінен өрбіген әңгімелері шәкірттерге ой салып, туған елге деген перзенттік борыштың қадірін ұғындырды.
«Елге қызмет ету» деген ұғымның астарында маңдай тер мен табанды еңбек, сертке беріктік пен жүрек жұтқан қайсарлық жатқанын оқушылар тағылымды әңгімеден аңғарды. Отан қорғау ұғымы тек әскери міндетпен шектелмей, елге адал еңбек ету, заңды құрметтеу, қоғам тыныштығына үлес қосу арқылы да көрініс табатыны айтылды.
Жүздесу соңында оқушылар көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды. Мирулла Зайдуллаев әрбір сұраққа жауап беріп, ел тарихы, қызмет жолы және азаматтық міндет туралы өз тәжірибесінен мысалдар келтірді.
«Ерлік сабағы» – жас ұрпақтың жүрегіне отаншылдық дәнін себетін, елдік пен ерліктің қадірін ұқтыратын тағылымды басқосулардың бірі. Мұндай жүздесулер арқылы кешегі буынның өнегесі бүгінгі өренге жетіп, ел алдындағы адалдықтың қадірі арта түседі.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





