Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде Ескелді ауданының әкімі Елдос Тұрсынбайұлы қатысқан брифинг өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Әсіресе, халықтың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін газдандыру және білім саласындағы жұмыстар кеңінен баяндалды.
Аудан бойынша 33 елді мекеннің ішінде 21-і газдандыруға жататыны белгілі. Бүгінгі күні соның 19-ы табиғи газға қосылып, 39 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Тек биылдың өзінде төрт ауылға табиғи газ беріліп, ұзақ жыл күттірген мәселелер шешімін тапты.
Ақтасты, Қайнарлы, Қаратал және Теректі ауылдарында газ тарату желілері толық аяқтап, ауыл тұрғындары жылыжай, күнделікті асүй және жылыту жұмыстарын газға көшірді. Бұл – тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, отын-көмірге тәуелділікті азайтып, экологияға да оң әсер ететін қадам.
Ал Көкжазық пен Жалғызағаш ауылдарында құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл елді мекендер келесі жылы толықтай газ жүйесіне қосылады деп күтілуде. Сондай-ақ, газдандыру схемасына енбей қалған Теңлік, Биғаш және Жеңдік ауылдары бойынша жобалық құжаттар дайындалып, алдағы жылы құрылыс басталмақ.
Осының нәтижесінде, келесі жылдың соңына дейін ауданның 24 елді мекені табиғи газға қол жеткізіп, қамту деңгейі 93 пайызға жетеді.
Брифингте спикер білім саласындағы өзгерістер туралы да кеңінен тоқталды. Биыл үш білім мекемесі толықтай жаңғыртудан өтті. М. Мәметова атындағы орта мектеп, Қоңыр орта мектебі және «Айшуақ» балабақшасы жаңарып, оқу мен тәрбие процесіне қолайлы жағдай жасалды.
Аудан әкімінің айтуынша, Елтай ауылындағы С. Сейфуллин атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Құрылыс жұмыстары келесі жылы жаңа оқу маусымына яқталып, жаңартылған білім ошағы оқушыларға есігін айқара ашады. Қарабұлақтағы орта мектептің жаңартылуы да – ауыл балалары үшін үлкен қолдау.
Сонымен бірге, Қарабұлақ ауылындағы «Айкүн» балабақшасы жөндеуден өтіп, бүлдіршіндердің жайлы әрі қауіпсіз ортада білім алуына мүмкіндік туды.
Білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасы да күшейтілді. Мектеп асханалары жаңартылып, жаңа тоңазытқыштар мен стеллаждар қойылды. Бірнеше мектепте пәндік кабинеттер ашылып, оқушылардың сапалы білім алуына зор мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ, бастауыш сыныптағы 3417 оқушының тегін ыстық тамақпен қамтылуы – ата-аналар үшін үлкен көмек әрі балалар денсаулығына жасалған маңызды қолдау.
Ешкіөлмес ауылында 180 орынды жаңа мектеп салу жобасы әзірленіп, сараптамадан өтті. Келесі жылы құрылыс бастау үшін республикалық қордан қаржы сұралған. Бұл алдағы уақытта ауыл балаларының көптен күткен қуанышы болмақ.
Ал оқушыларды тасымалдау мәселесінде екі ауыл мектебі жаңа автобус пен микроавтобусқа қол жеткізіп, шалғайдан қатынайтын балаларға жағдай жасалған.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





