Зерттеу нәтижесі әлеуметтік желілердің жалған ақпарат таратудың негізгі көзіне айналғанын айғақтайды. Қолданушылардың 47 пайызы фейк ақпаратты ең көп Facebook, TikTok және Instagram сияқты әлеуметтік желілерде кездестіргенін айтса, 28 пайызы WhatsApp пен Telegram секілді мессенджерлерде тап болғанын көрсеткен.
Тақырыптық тұрғыда қарасақ, дезинформация көбіне қоғам үшін ең өзекті салаларда таралады. Атап айтқанда, 39 пайыз саясатқа қатысты ақпаратты жалған деп таныса, 32 пайыз халықаралық қақтығыстарға байланысты деректерге сенімсіздік білдірген. Сонымен қатар, 29 пайыз респонденттер денсаулық пен медицина саласында, әсіресе вакцина мәселесінде фейк ақпаратты байқағанын жеткізді. Ал 24 пайыз климат пен экологияға қатысты жаңалықтардың шынайылығына күмән келтірген.
Авторлардың айтуынша, мұндай құбылыс адамдардың жаңалықтарға деген сенімін төмендетіп отыр. Сауалнамаға қатысқан халықтың 37 пайызы соңғы бес жылда жалпы медианың сенімділігі азайғанын атап өтті. Бұған қоса, 44 пайыз қолданушы кейбір жаңалық тақырыптарынан әдейі бас тартатынын айтқан. Әсіресе, саясат пен соғыс туралы ақпаратты тұтынудан қашу үрдісі жиілеген.
Енді, мына қызыққа назар салыңыз, Bloomberg News агенттігінің мәліметінше, 2023 жылы ЖИ көмегімен жазылатын жаңалықтардың дайындалу жылдамдығы адам-редактор дайындаған материалдардан үш есе жылдам болған. The Washington Post редакциясында қолданылатын Heliograf роботының өзі 2019 жылы 850-ден астам жаңалықты автоматты түрде жазып шығарған. Редакция өкілдерінің айтуынша, ЖИ жазатын хабарламалардың 90%-ы дерек пен статистикаға негізделген қысқа форматтағы ақпараттық жанрдағы материалдар.
ChatGPT сынды LLM-үлгілері Human Agency (2024) редакциясына енгізілгеннен кейін бір журналист күніне 25–30 қысқа жаңалық пен 3–5 көлемді материал дайындап үлгеретін болған. Бұл көрсеткіш бұрын 6–8 жаңалықпен ғана шектелетін.
Фактчекинг саласында да ЖИ-дің мүмкіндігі артып келеді. PolitiFact мәліметінше, AI-assisted фактchek жүйесін қолданғаннан кейін қате контентті анықтау көрсеткіші 28%-ға артқан (2022). FullFact (Ұлыбритания) MidJourney визуалдарын анықтайтын алгоритм енгізген, өйткені 2023 жылы елде тараған жалған фотолардың 48%-ы MidJourney арқылы жасалған (FullFact Report, 2023).
MidJourney, DALL·E, Leonardo AI сияқты генеративті визуал құралдары инфографика, иллюстрация жасауды 40–60%-ға дейін жылдамдатқан. Reuters Institute Digital News Report 2024 дерегінше, журналистердің 76%-ы AI-visual generator-ларды оқырман назарын аудару үшін қолданады. Instagram мен TikTok платформасында жұмыс істейтін журналистердің 67%-ы визуал жасау үшін ЖИ құралдарына жүгінеді.
AI-журналистика этика, құқық мәселелерін де алға шығарды. Қазақстанда ЖИ құралдарын БАҚ-та қолдануға қатысты арнайы заң әзірге жоқ. Дегенмен, «БАҚ туралы» Заңның 14-бабында журналист ақпараттың анықтығына жауапты тұлға деп көрсетілген, яғни, AI жазса да, жауапкершілік контентті жариялаған редакцияға жүктеледі.
Reuters Institute мәліметі (2024):
– оқырмандардың 52%-ы толықтай AI жазған жаңалыққа сенбейді;
– 69%-ы журналист пен AI бірігіп жасаған контентке сенім білдіреді;
– 87%-ы материалда «AI көмегімен жазылды» деп ашық көрсетілсе – оң қабылдайды.
Nikkei Asia (Жапония) редакциясы Claude 3 моделіне негізделген «AI-news assistant» жасап, журналистерге тақырып генерациясы, дерек іздеу, драфт жазу, аударма, әлеуметтік желіге анонс дайындау қызметтерін автоматтандыруға мүмкіндік берген. Нәтижесінде бір материалды шығару уақыты 5 сағаттан 2 сағатқа қысқарған.
ChatGPT, Claude секілді chat-based ЖИ-лардың пайда болуы оқырманды пассив тұтынушыдан интерактив тұтынушыға айналдырды. NewsGPT, OneSub, Artifact секілді платформалар жаңалықтарды оқырманның қызығушылығына қарай персоналдап береді. Мысалы, саясатқа қызықпайтын адамның таспасына экономика, мәдениет, тренд қана түседі, эмоциялық ауыр жаңалықтарды News Avoidance Filter азайтады. Reuters Institute зерттеуі (2024): Gen Z аудиториясының 41%-ы дәстүрлі жаңалық сайттарына қарағанда AI news summary-ды оқығанды жөн көреді.
ЖИ-дың дыбыс пен визуал генерациялау мүмкіндігінің күшеюі deepfake феноменін күрделі етті. NATO StratCom (2023) дерегіне сәйкес, deepfake арқылы жасалған жалған видео мен аудио 19 елдің сайлауында тіркелген, ал AI-жасанды манипуляциялық контенттің таралу жылдамдығы адам-produced контенттен алты есе жоғары. Facebook/Meta 2023 жылы 11 мыңнан астам deepfake-видеоны автоматты түрде жойғанын мәлімдеген.
Шетелдік БАҚ жасанды интеллект туралы әлі күнге дейін екі түрлі пікірде. Нью-Йорктық журналист Макс Танидың пікірінше ЖИ толыққанды жаңалық мәтінін адамдар үшін сенімді түрде жазып бере алады деу әлі ерте.
– The New York Times редакциясының жасанды интеллектіні қолдануға рұқсат беруі, редакция ұжымына ІІ-мен жұмыс істеудің ережелері түсіндірілген құжаттар мен бейнематериалдар ұсынылғаны журналистикадағы үлкен қадам. Мұнда нақты не істеуге болатыны және қай жерде шектеулер бар екені көрсетілген. Алайда, ЖИ толыққанды жаңалық мәтінін адамдар үшін сенімді түрде жазып бере алады деу әлі ерте, – дейді ол.
Ал, енді мына қызыққа назар салыңыз, әлемдегі жетекші қоғамдық ақпараттық медиа ұйым, Британдық хабар тарату корпорациясы BBC өз сайтындағы мақалаларды тексеру үшін төрт генеративті ЖИ құралын сынап көргенде, көптеген «елеулі мәселелер» мен фактілік қателер анықталғанын сейсенбі күні жариялаған есебінде хабарлады.
BBC төрт ЖИ-ассистентке OpenAI ChatGPT, Microsoft Copilot, Google Gemini және Perplexity «зерттеу кезінде біздің вебсайтқа қол жеткізуге мүмкіндік беріп, олардан жаңалықтар туралы сұрақтарға жауап беруін сұрады, мүмкіндігінше BBC News мақалаларын дереккөз ретінде пайдалануға шақырды». «Жасанды интеллект жауаптарын тақырып бойынша сарапшы саналатын BBC журналистері дәлдік, бейтараптық және BBC контентін қаншалықты дұрыс жеткізгені бойынша бағалады», – деп жазды BBC-дің генеративті ЖИ жөніндегі бағдарламалық директоры Пит Арчер.
Компанияның айтуынша, ІІ-ассистенттердің жауаптарында «елеулі дәлсіздіктер мен BBC материалдарын бұрмалаулар» болды. Жауаптардың жартысынан көбі (51%) қандай да бір «елеулі мәселені» қамтыған, 19%-ы «фактілік қателерге — қате деректерге, сандар мен даталарға» жол берген, ал «BBC мақалаларынан алынған дәйексөздердің 13%-ы түпнұсқадан өзгертілген немесе мүлдем сол мақалада болмаған».
Есептегі бірнеше мысал:
Google Gemini «Ұлыбританияның NHS қызметі адамдарға вейпингті бастамауды ұсынады және темекіні тастағысы келетіндерге басқа әдістерді қолдануды ұсынады» деп қате жеткізді. Шын мәнінде, NHS темекіні тастаудың бір тәсілі ретінде вейпингті ұсынады.
Microsoft Copilot Жизель Пелико қылмыстарды есінен тану мен жад жоғалту белгілерінен кейін анықтады деп мәлімдеді. Іс жүзінде ол полиция күйеуінің электронды құрылғыларынан бейнематериал тапқан кезде білген. Perplexity Майкл Мослидің қайтыс болған күнін қате көрсетті және Лиам Пейннің отбасы жасаған мәлімдемені бұрмалап жеткізді. OpenAI ChatGPT 2024 жылдың желтоқсанында Иранда 2024 жылдың шілдесінде өлтірілген Исмаил Хания ХАМАС басшылығында болған деп қате ақпарат берді. The Guardian сонымен қатар мынадай мысал келтіреді: кінәлі деп танылған неонаталды медбике Люси Летби туралы «Ол кінәлі ме, жоқ па — әркімнің өз шешімі» деп жауап берген. Зерттеуде оның кісі өлтіру мен адам өлтіруге оқталғаны үшін сотталғаны айтылмай қалған.
«ЖИ-дің мұндай бұрмалаулары адамдардың онсыз да әлсіз болып тұрған фактілерге және расталған ақпаратқа деген сенімін қаншалықты тез шайқалта алатынын көру қиын емес», – деп жазды BBC News және ағымдағы істер жөніндегі бас директоры Дебора Тернесс блог жазбасында. «Біз күрделі заманда өмір сүріп отырмыз, Жасанды интеллект бұрмалаған бір ғана тақырыптың шынайы өмірде елеулі зиян келтіруіне қанша уақыт кетеді?»
Тернесс BBC-дің жақында Apple компаниясының ЖИ арқылы жасалған жаңалықтық хабарламалары туралы зерттеуін де атап өтті. Мысалы, желтоқсан айындағы бір хабарламада BBC News Луиджи Манньоненің, Нью-Йоркте медициналық сақтандыру компаниясының бас директоры Брайан Томпсонды өлтіргені үшін тұтқындалған адамның, өзін-өзі атып өлтіргенін хабарлағандай әсер қалдырды. Шын мәнінде, ол олай істеген жоқ. Өткен айда Apple ІІ жасалған хабарламаларды уақытша тоқтатты.
Қазақстандық медиада ЖИ құралдары жаңа қарқын алып келеді. Kazinform, Halyq Uni, Tengrinews, Massaget редакциялары GPT-4 пен Claude арқылы тақырып генерациялауды, аударманы, мәтін редакциялауды қолдана бастады. Stan.kz 2024 жылы AI Voice Over арқылы мәтіндік жаңалықтарды Instagram/TikTok платформаларына бірден бейнеге айналдыратын мүмкіндік енгізді. Сонымен қатар, қазақтілді Aiqos.ai, Qalam.ai платформаларының пайда болуы алдағы 2–3 жылда қазақ ЖИ-журналистика экожүйесінің қалыптасу үдерісін жылдамдататынын көрсетті.
ЖИ-дың тағы бір ерекшелігі ақпаратты түрлі аудиторияға бейімдеп бере алуы. Бір оқиғаны балаларға, жасөспірімдерге, мемлекеттік сала қызметкерлеріне, ғылыми ортаға әртүрлі стилде жеткізуге болады. Бұл коммуникациялық көпірдің сапасын арттырып, контент қабылдауын жеңілдетеді. Дерек-журналистика саласында да ЖИ-дың ықпалы артып тұр. Үлкен деректерді өңдеу, визуализациялау, трендтерді анықтау, корреляция құрастыру процестері автоматтандырылып, күрделі тақырыптарға терең сараптама жасау жеңілдеді. Бұл редакцияларға жаңа тақырыптарды зерттеуге, аудиторияны кеңейтуге мүмкіндік береді.
«Жетісу» радиосының редакторы Темірлан Айтбаев бұл бағыттағы артықшылықтарды былайша түсіндіреді:
– ЖИ-дың біз үшін материалдарды әзірлеу барысында пайдасы көп. Радиода кей мәтіндерді ықшамдап, тыңдарманға бейімдеу, оны әлеуметтік желі талабына сай безендіру үшін қолданамыз. ChatGPT уақытты үнемдеудің таптырмас құралы дер едім, – дейді ол.
Сонымен қатар, ЖИ-ға қатысты өзекті сұрақтар этика мен құқықтық жауапкершіліктің айналасынан шығып отыр: мәтінді кім жазды? Авторлық құқықты кім иеленеді? Жеке мәліметтердің қауіпсіздігі қалай сақталады? Бұл сұрақтарға жауап халықаралық деңгейде де, Қазақстанның ішінде де әзірге толық табыла қойған жоқ.
Қазақстанда мемлекеттік деңгейде алғашқы қадамдар жасалуда. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірге «AI Qyzmet» жобасын іске қосты. Бұл жоба мемлекеттік қызметкерлерді ЖИ-ды тиімді қолдануға үйретуге бағытталып, жоспарлау, презентация жасау, автоматтандыру дағдыларын қамтиды. 2024 жылы мемлекеттік секторда ЖИ қолдануға арналған нұсқаулық қабылданған. Онда ChatGPT тәрізді жүйелер жұмыс барысында қолданылуы мүмкін екені айтылғанымен, деректердің құпиялығы мен қауіпсіздігі басты назарда болуы керектігі айтылған. Сонымен бірге, 2025 жылғы мамырдан OpenAI компаниясы Қазақстанда шартты түрде ҚҚС төлеуші ретінде тіркеліп, заңды негізде қызметін бастаған.
Қорытындылай келе, жасанды интеллект журналистикаға да, жалпы қоғамға да қауіп те, мүмкіндік те алып келеді. Ол қандай рөлде болатыны – біздің оны қалай қолданатынымызға байланысты. Егер оны тиімді қолдансақ, ЖИ журналистерді техникалық міндеттерден босатып, шығармашылық пен терең зерттеуге көбірек уақыт қалдырады. Ал егер жауапсыз пайдалансақ, сенімділік, бейтараптық, адам факторы сынды журналистиканың негіздеріне селкеу түсуі мүмкін. Болашақ – этика мен технологияның тепе-теңдігін сақтауымызға тәуелді.
Мақпал Әділханқызы





