Көпшіліктің санасында «мафия» десе ең алдымен есірткі бизнесі елестейді. Өйткені есірткі – миллиондаған жастың өмірін жалмаған, қоғамды аздырған қасірет. Дегенмен соңғы жылдары сарапшылар: «Адамзатқа бұдан да ықпалды, бірақ заңды мәртебесі бар мафия бар. Ол – фармацевтикалық индустрия» деген пікірді жиі айта бастады.
Бұл сала – бір жағынан ғылым мен технологияның жетістігі, адам өмірін сақтап қалудың жолы. Екінші жағынан – триллиондық табыс әкелетін алып бизнес. Ал үлкен қаржы жүрген жерде ашықтықтан гөрі манипуляция мен әділетсіздік көбірек бой көрсететіні жасырын емес.
Зерттеулерге сүйенсек, фармацевтикалық бизнестің бастауы XIX ғасырға барып тіреледі. Алғашқыда химиялық зауыттар дәрілік қоспалар шығарса, XX ғасырда антибиотиктердің пайда болуы бұл саланың өркендеуіне жол ашты. 1950-1960 жылдары ірі фармацевтикалық компаниялар құрылып, тек дәрі жасаумен ғана емес, жаңа ауруларды анықтаумен де айналысты. 1970-1980 жылдары жүрек-қан тамырлары мен қант диабетіне қарсы дәрілер кеңінен таралды. Олар сырқатты түбегейлі жазбаса да, науқасты өмір бойы қабылдауға мәжбүр етті.
1990 жылдардан бастап биотехнология мен генетикаға негізделген жаңа буын дәрілер пайда болды. Бірақ олардың бағасы тым қымбат еді. COVID-19 пандемиясы кезінде бұл индустрияның әлемдік саясатқа ықпалы бұрынғыдан да айқын көрінді: құпия келісімшарттар, мемлекеттердің фармкомпанияларға тәуелділігі, вакцина төңірегіндегі саяси тартыстар – барлығы фармацевтикалық мафияның шынайы күшін көрсетті.
Бүгінде әлемдік нарықты Pfizer, Johnson & Johnson, Novartis, Roche, Merck, Sanofi сынды бірнеше алпауыт компания басқарады. Әрқайсысының жылдық табысы ондаған миллиард долларды құрайды. Олар саясаткерлермен де, халықаралық ұйымдармен де, ғалымдармен де тығыз байланыста.
Сарапшылардың айтуынша, фармацевтикалық мафияның ықпалы қарапайым нарық заңдылығынан әлдеқайда кең. Оның басты тетіктері мыналар: Ғылымды сатып алу. Белгілі ғалымдардың атынан мақалалар жариялап, дәрінің тиімділігін дәлелдеуге пайдалану. Дәрігерлерді бағындыру. Кей елдерде фармкомпаниялар дәрігерлерге сыйақы беріп, өз өнімін бірінші кезекте жазуға итермелеген. Қоғамдық пікірді басқару. БАҚ-тағы жарнамалар, фильмдердегі өнімнің көрінісі, әлеуметтік желідегі блогерлер – бәрі фармацевтикалық өнімді насихаттаудың жолы. Заңға ықпал ету. Лобби арқылы мемлекеттердің денсаулық сақтау саясатына араласу. Мәселен, АҚШ-та фармацевтикалық лобби жылына миллиардтаған доллар жұмсайды. Тәуелділік қалыптастыру. Кей дәрілер ауруды толық жазбай, тек белгілерді уақытша азайтады. Бұл науқасты дәріге тәуелді етеді.
Қазақстанда фармацевтикалық нарық көлемі жылына 700-750 млрд. теңге шамасында. Оның 70-80 пайызы импорттың үлесінде. Демек, елдегі дәрілердің басым бөлігі – шетелдік компаниялардың өнімі. Соңғы жылдары бірнеше зауыт іске қосылғанымен, толық тәуелсіздікке жете алмай отырмыз. Ал халық үшін ең өзекті мәселе – дәрінің қымбаттауы. Әсіресе, зейнеткерлер мен созылмалы дертке шалдыққандар табысының едәуір бөлігін дәріге жұмсайды.
Медицинада елеулі орны бар дәрігер Динара Серікқызы: «Кей препараттар ауруды толық жазбайды, тек белгіні уақытша азайтады. Бұл – медицина тұрғысынан даулы, бірақ бизнес үшін тиімді», – дейді.
Ал экономистердің пікірінше, ең үлкен қауіп – импортқа тәуелділік. Егер дәрі өндірісі отандық стратегиялық салаға айналмаса, біз әрқашан сыртқы ойыншылардың ықпалында боламыз.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов «Адал адам» атты YouTube арнасындағы сұхбатында фармацевтика саласындағы жүйелік кемшіліктерді ашық айтты.
– Біз бәріміз дәріханаға жүгінеміз, дәрігерге барамыз. Дәрігер қан қысымың жоғары десе, клиникалық хаттамаға сәйкес дәріні жазып береді. Ал хаттамаға тек Қазақстанда тіркелген дәрілер енгізілген. Бізде бар болғаны 7-8 мың ғана дәрі тіркелген. Ал көршілес бір мемлекетте 18 мың дәрі бар. Демек, біздің азаматтардың таңдау мүмкіндігі шектеулі. Хаттамалардың 70 пайызы 5 жылдан 12 жылға дейін жаңартылмаған. Бұл – масқара! Медицина күн сайын дамып жатқанда, біз әлі 10 жыл бұрынғы тәсілмен емдеп жүрміз. Бұл халық денсаулығына тікелей қауіп, – дейді ол.
Асқар Аймағамбетовтың келтірген тағы бір мысалы – пенициллиннің жоқтығы: «Балаларға антибиотик жазғанда алтын стандарт – пенициллин. Бірақ ол Қазақстанда тіркелмеген. Сондықтан дәрігерлер амоксициллин, амоксиклав жазуға мәжбүр. Нәтижесінде резистенттікке жол ашылады. Парадокс – пенициллин өте арзан. Бірақ оны тіркеу үшін фармкомпания өтініш беруі керек. Ал арзан дәріден кім пайда табады?».
Депутат мәселенің түпкі себебін былай түсіндірді: «Қазақстан дәрілердің 85 пайызына шетелге тәуелді. Президент Үндістан тәжірибесіндей өз өндірісімізді жолға қоюды тапсырды. Әйтпесе, біз өзгеге тәуелді болып қала береміз».
Оның ойынша, фармацевтикалық мафияның күші наркомафиядан да артық: «Наркомафия заңсыз әрекет етеді, мемлекет тарапынан қысым бар. Ал фармацевтикалық мафия заңды мәртебеге ие, бірақ реттелмеген мәселе өте көп. Оның ықпалы халықтың денсаулығына да, қалтасына да әсер етеді», – деді депутат.
Есірткі мафиясы ашық қылмыс болғандықтан, онымен күрес жолдары да айқын. Ал фармацевтикалық мафия – заңды мәртебесі бар, бірақ ықпалы әлдеқайда кең жүйе. Ол ғылымға да, саясатқа да, қоғамға да ықпал ете алады. Сондықтан Қазақстан үшін басты міндет – ұлттық фармацевтиканы дамыту, дәрі бағасын бақылау, клиникалық хаттамаларды уақтылы жаңарту. Әйтпесе, халықтың денсаулығы сыртқы алпауыттардың қолында қала береді.
Қалай десек те адам өмірі – ең қымбат байлық. Ол ешқашан пайда мен бизнеске тәуелді болмауы тиіс.
Сарби Әйтенова





