Талдықорғанда бірқатар отбасы үшін көптен күткен қуанышты күн туды. 51 отбасы жаңа пәтерлерінің кілтін алды. Қуаныш иелерін облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ құттықтап, баспана кілтін табыстады.
Салтанатты шарада облыс әкімі жаңа қоныс иелерін баспаналы болуымен құттықтап, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы қойған басым міндеттердің бірі екенін атап өтті.
– Бүгін жаңа қоныс иелерінің қуанышына ортақтасып, пәтерлерінің кілтін тапсырып отырмыз. Баршаңызды баспаналы болуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Тұрғын үймен қамту жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта «Бірлік» шағынауданында 170 пәтерлі екі кредиттік үй пайдалануға беріледі. Сонымен қатар жыл соңына дейін «Ынтымақ» тұрғын алабында 200 пәтерлі бесқабатты 5 үйдің құрылысы аяқталып, ел игілігіне беріледі. Осылайша, жыл соңына дейін кезең-кезеңімен 1400-ден астам талдықорғандық отбасы қолжетімді баспанамен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Жаңа үйлеріңіз құтты болып, шаңырақтарыңыздан ырыс-береке арылмасын, – деді аймақ басшысы.
Облыста тұрғын үй құрылысының қарқыны жыл санап артып келеді. Жыл басынан бері Талдықорғанда 49 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4 пайызға жоғары. Ал жыл басынан бері қалада 574 отбасы баспаналы болған.
Бүгінгі жаңа қоныс иелері «Береке» коттедж қалашығындағы жеке үйлерге, «Жастар-3» шағынауданындағы, «Құлагер» шағынауданындағы пәтерлерге және Жалаири даңғылындағы тұрғын үйлерге қоныстанады.
Жаңа баспанаға ие болғандардың қатарында Торғын Тойшыбекова да бар. Торғын 2014 жылы тұрғын үй кезегіне тұрған. Ол – жетім бала санаты бойынша есепке алынған, үш баланың анасы.
– Осы уақытқа дейін Мойнақ ауылында жалдамалы үйде тұрдық. 2020 жылдан бері пәтер жалдап, тәрбиеші болып жұмыс істедім. Енді міне, көптен күткен өз үйімізге қол жеткіздік. Бұл – біздің отбасымыз үшін үлкен қуаныш. Мемлекетке, осындай мүмкіндік жасап отырған азаматтарға алғысым шексіз, – дейді қуаныш иесі.
Торғынның жаңа баспанасы «Құлагер» шағынауданындағы үш бөлмелі пәтер. Енді бақытты отбасы өз шаңырағында алаңсыз өмір сүріп, балаларын өсіріп, тәрбиелей алады.
Әлішер Нұрахметов те баспананы ұзақ күткен жанның бірі. Ол жетім бала санаты бойынша 14 жыл кезекте тұрған. Бүгінде оның да көптен күткен арманы орындалып, өз үйіне ие болды.
Жаңа баспанаға қол жеткізгендердің қатарында Надира Қасымова да бар. Ол 2020 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған. Жетім бала санатына жататын, екі баланың анасы Надира үшін «Жастар-3» шағынауданынан берілген үй – отбасының болашағы үшін жасалған ең қымбат байлық.
Баспана – адамның тұрмыс-тіршілігінің ғана емес, отбасының берекесі мен болашағының негізі. Сондықтан тұрғын үй мәселесін шешу, әсіресе әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету – елдегі әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі.
Еңлік КЕНЕБАЙ
Суретті түсірген: Дмитрий ЕРОФЕЕВ





