Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль президенті Ицхак Герцогпен кездесті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бакуде өтіп жатқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) 7-саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль президенті Ицхак Герцогпен кездесу өткізді.
Ақорданың хабарлауынша, мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Израиль арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа басымдық бере отырып, маңызды бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ицхак Герцогтің сәуір айында Астанаға жасаған сапары екі ел арасындағы байланысты нығайтуға айтарлықтай серпін бергенін атап өтті. Израиль президенті де Қазақстанға сапарын ризашылықпен еске алды.
Оның пікірінше, Қазақстанның көптеген салада қол жеткізіп отырған жетістіктері екіжақты ықпалдастықты одан әрі дамытуға жол ашады.
– Ицхак Герцог Қазақстанның Бейбітшілік кеңесіне қосылуын құптап, бұл оқиғаның бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға қосылған зор үлес екенін атап өтті. Сондай-ақ тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, соның ішінде Таяу Шығыстағы ахуал жөнінде пікір алмасты, – делінген хабарламада.
Мемлекет басшысы шиеленісті бәсеңдетіп, қақтығыстарды дипломатия құралдары арқылы реттеу қажеттігін жеткізді және Қазақстанның осы қағидатты берік ұстанатынын айтты.





