Google компаниясы өзінің ең қуатты Gemini жасанды интеллект (ЖИ) моделіне қазақ тілін ресми түрде қосты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметтеріне сілтеме жасап.
Бұл жаңалық Gemini-дің үшінші буынын (Gemini 3) іске қосу аясындағы тілдік қолдауды кеңейту бастамасының нәтижесі. Қазақ тілі әлем бойынша қосылған 23 жаңа тілдің қатарына еніп, отандық пайдаланушыларға әлемдік деңгейдегі ЖИ мүмкіндіктерін өз ана тілінде пайдалануға жол ашты.
Қалай қосуға болады?
Қазіргі таңда Gemini-дің қазақ тіліндегі интерфейсі веб-нұсқада толық жұмыс істеп тұр. Оны іске қосу үшін келесі қадамдарды орындау қажет:
-
Google аккаунтының баптауларына кіру;
-
Тілдер бөлімінен қазақ тілін таңдау.
Жуық арада Android және iOS жүйелеріне арналған мобильді қолданбалар мен нақты уақыт режимінде дауыстық сөйлесуге мүмкіндік беретін Gemini Live сервисі де қазақша сөйлейтін болады.
Экономикалық және цифрлық әсер
Google компаниясы мен министрліктің болжамынша, жасанды интеллектіні мемлекеттік секторға және күнделікті өмірге енгізу ел экономикасына оң әсер етеді. Бұл тек технологиялық жаңалық емес, сонымен қатар:
-
Мемлекеттік басқарудың өнімділігін арттырады;
-
Бюджет жүйесінің тұрақтылығын нығайтады;
-
Жаңа буын мамандарын даярлауға және цифрлық сауаттылыққа серпін береді.
Министрліктің хабарлауынша, жаһандық шешімдерді локализациялау – бәсекеге қабілетті ұлттық AI-экожүйесін қалыптастырудың маңызды кезеңі. Болашақта халықаралық технологиялық алпауыттармен ынтымақтастық бұдан да нығая түспек.




