Жетісу жұртшылығы «Хабар аға» атап кеткен белгілі журналист Тілеуқабыл Мыңжасар айналасын күлкіге бөлеп жүретін жаз күніндей жайдары мінезімен ерекшеленеді. Осы өңірде жиырма жылдан астам уақыт еңбек еткен Тілекеңнің ел арасына тарап кеткен әзіл-қалжың, қағытпалары аз емес. Оның өзі жайында жазылған кітабынан сондай әзілдер топтамасын жариялап отырмыз.
Айран жоқ па?
Танымал бір кісінің мерейтойы басталғалы жатыр екен. Дастарқан жайнап, музыка сайрап тұр. Қызмет жасап жүрген даяшы қыздардың бірі келіп «қымыз, шұбат, кола, пепси, газды және газсыз сулар бар. Қайсысын қалайсыздар?», – деп қонақтарға ілтипат көрсетсе, Тілекең:
– Қызым, айран жоқ па? – депті.
Даяшы не дерін білмей тосын сұраққа тосылып тұрса Тілекеңе таяу отырған бір әйел:
– Тойда айран беруші ме еді? – деп жақтырмас кейіп танытады.
– Таза өнім ғой, болса ішеміз, болмаса айыптамаймыз ғой, – дейді Тілекең.
Тамақ ішіліп, шәйдің кезегі келгенде Тілекең даяшы қызды ымдап шақырып:
– Қолдың сары майы жоқ па? Мына тандыр нанға қосып жесек керемет болар еді, – дейді.
– Тойда сары май беруші ме еді? – деп әлгі әйел тағы да шап ете қалыпты. Осы кезде Тілекең:
– Мен ойнап отырғаным жок, отандық өнімдерді жарнамалап отырмын, – деген екен.
Күлуді кейіндеу үйрендім
– Қашан көрсем де көңілді болып күліп жүресіз. Өмірге де күліп келген шығарсыз, – деп бір әріптесі Тілекеңе таңданарлық сұрақ қойыпты.
– Жұртқа жайып жүрме, күлімсіреп келгенім рас еді, – дейді Тілекең.
– Сонда қалай? – деп таңданады анау.
– Қазіргідей күлу қайда ол кезде, жәй жымия салғам.
– Ойпырмай, ә, – деп аңғал әріптесі одан сайын аң-таң болады.
– «Ұл екен, ұл екен» деп әрқайсысы әр жеріме қарай бергеннен кейін ұялып кетіп жымиғаным ғой. Күлуді кейіндеу үйрендім. Ол кезде менің үйренгенім шын күлкі болатын. Есейе келе байқасам, кейбір адамдар өтірік күледі екен ғой. Мен соны үйрене алмай-ақ қойдым, – депті Тілекең.
Кабельді теледидар қызметінің ақысын төлеуге келген Тілекеңе кеңсе қызметкері:
– Неше айға төлейсіз? – дейді.
– Біз егде жастағы адамбыз. Уақтылы төлеуді ұмытып кете береміз. Сондықтан осы жолы 2030 жылға дейін бір-ақ төлеп тастайын деп келдім.
– Ондай ұзақ мерзімге төлем жасалмайды.
– Неге жасалмайды? Мен жүрек қалауыммен, отбасындағылардың ортақ ұйғарымымен келіп тұрмын.
– Бәрібір болмайды, – деп ақша қабылдаушы қыз міз бақпай отыра береді.
– Ендеше бір жылға тұтас ала салшы, – деп Тілекең тиісті ақшасын төлеп үйіне қайтады. Ертеңіне зейнеткер көршісін жіберіп, өзінің кешегі рөлін айна қатесіз қайталауды үйретеді. Келесі күні тағы бір танысын жібереді. Ол да алдыңғылар секілді:
– Қызым, 2030 жылға дейінгі қызмет ақыларың қанша теңге болады? – десе әлгі қыз:
– Бұл қарияларға не болған? Кеше бір-екі кісі 2030 жылға дейін төлеймін деп миымды ашытып еді. Бүгін тағы біреуі келді. Заң күшейген бе, әлде сана өскен бе? – деп жанындағы әріптесіне қарай беріпті. Бірақ бұл Тілекеңнің қалжыңы екенін қайдан білсін олар…
Тауықтарға айтып көрейін
Түркістанның аудандық газетінде қызмет істеп жүрген Тілекең бірде әріптес досы Балтабай Нұржановпен бірге үйінде түстік тамақ ішіп отырса, көрші тұратын өзбек отбасының Рома деген кішкентай баласы:
– Аям жіберді, оншақты жұмыртқа берсінші деп жатыр, – дейді.
Бірінде жоқты бірінен сұрай салатын ауылдың әдеті ғой. Сондықтан Тілекең атып тұрып тоңазытқышты ашса, жұмыртка табылмайды.
– Балақай, айып етпе, жұмыртқа жоқ екен, – дейді.
Баласынып бермеген шығар, өзім барып сұрайын деп арада бес минуттай уақыт өткенде көрші әйелдің өзі келеді.
– Күйеуім бір досын ертіп келген екен, екеуіне жұмыртқа қуырып бере салайын деп едім, – деп жалынғандай кейіп танытады.
– Онда тұра тұрыңыз, тауықтардың өзінен сұрап көрейін, – деп Тілекең тауыққораға қарай шығып кетеді де 2-3 минуттан кейін қайтып келеді.
– Өтінішіңіз орындалмады, жұмыртқа жоқ екен. Мүмкіндігі барларың туып бере салсаңдаршы, көршіден ұят болды ғой десем «күніне бір-ақ мезгіл дән шашасыңдар, күн сайын туатын шама жоқ» деп ешқайсысы көнбеді. Бірақ көзіме тура қараған жоқ. Жайылып жүріп айтты, – дейді Тілекең.
Сенер-сенбесін білмеген көрші әйел «Ой, сұмдық-ай, тілші болған соң тауықпен де тілдесе береді екенсіз ғой», – деп шығып кетіпті.
Қатарласып бірге жүргенге не жетеді?
Алматы облыстық «Жетісу» газетінде қызмет істейтін әріптес інісі Болат Абағанға жаңа жыл алдында телефон шалған Тілекең:
– Хал қалай, Болатжан, – дейді.
– Ел қатарлы. Өзіңіз ше? – дейді Болат.
– Сен қатарлы.
– Бала-шағаларыңыз қалай?
– Көп қатарлы.
– Е, е-е, бәріміз бір қатарда екенбіз ғой, – дейді Болат.
– Бұл фәниде қатарласып бірге жүргенге не жетеді?! Әзіліміз жарасып, әркез бірге жүруді Алла нәсіп етсін, – деп Тілекең жаңажылдық тілегін осы диалогпен түйіндей салыпты.
Қанша шақырым екенін айтсаңдаршы!
Тағы да іссапар. Екі күн жүріп шаршаған жүргізуші Юра деген жігіт:
– Тілеке, ертеңгі жоспар қандай, қай ауылдарға барамыз? – дейді.
– Барар жеріміз алыс емес, анау жерде, – дейді Тілекең. Ауданнан еріп шыққан атқамінерлер де:
– Қашық емес, анау жерде ғой, – деп қосарлана жауап қатады.
Күн шыға жолға шыққан бұлар «анау» жерге жеткенше төрт сағаттай жол жүреді. Жұмысты бітіріп, таңертең тағы бір ауылға бет алғалы тұрғанда Юра ашуланып:
– Тілеке, жүрегім жарылып кетсе де баратын жердің қанша километр екенін точно айтыңдаршы! А то анау жерде дейсіңдер, анау жерлеріңнің өзі 200-300 километр. Мен бензинді есептеуім керек. Машинаның жағдайын да ескеруім керек емес пе, онымен шаруаларың жоқ, – деп түтігеді.
Сонда Тілеуқабыл:
– Ай, Юра-ай, канша рет сапарлас болдың бізбен! Түсінетін уақытың болды ғой. Түсінбесең ұғып ал. Қазақстанның бір шақырымы Еуропаның он шақырымымен шамалас. Ал, қазақтың «анау жер» дегені 100 шақырымға тең. Егер, ана-а-у деп айтса, 200 шақырым. оған тағы бір «а» әрпін қосып, ана-а- а-у деп айтса, 300 шақырым. Солай созылып кете береді, – деп түсіндірген екен.
Жауапты шығарушы Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ